Баға тұрақтылығы басты назарда
Архимед Мұхамбетов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл бағытта облыста бірқатар шара қабылдануда. Қала-аудан әкімдіктері күн сайын баға мониторингін жүргізеді. Сауда желілерімен облыстың ішкі нарығын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрімен қамтамасыз ету тұрғысында тікелей келісімшарттар жасалу үстінде.
Бүгінгі таңда 430 дүкенде әлеуметтік тауарларды сататын сөрелер құрылған. Жыл басынан бері облыстың аудан-қалаларындағы 377 жәрмеңкеде жалпы сомасы 1,6 млрд теңге болатын, нарықтық бағадан 10-15% төмен құнмен 2566 тонна өнім сатылды.
Облыста тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Бүгінде "айналым тетігі" іске асырылуда. Бұл мақсатқа 3,8 млрд теңге бөлінген.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мәселесі ерекше бақылауда ұсталып отыр.
Кеңес қорытындысында Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне күн сайын әкімшілік сипаттағы шараларды жүргізе отырып, бағаларға мониторинг жасауды, сондай-ақ жаңа жылға дейін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді тапсырды.