«Ризашылық – балалардың игілігі үшін!»
Міне, осындай атпен еліміздегі соның ішінде облысымыздағы барлық балалар үйлері мен интернаттарында қайырымдылық акциясы болып өтті. Осындай игілікті шара 2009 жылдан бері қараша айының соңғы аптасында «Бөбек» балалар қорының Президенті Сара Алпысқызының бастамасымен ұйымдастырылып келеді.
– Көңілі қамқөңіл балаларымызға атаулы күндерде ғана емес жыл он екі айдың қай күнінде болмасын қуаныш сыйласақ артық болмас деп ойлаймын. Екі-үш жылдан бері облыстық балалар үйімен тығыз байланыста болып, араласып жұмыс істейміз. Жазы-қысы демей мүмкіндігінше қол ұшын береміз, қайырымдылық шарасын көрсетеміз, мысалы, жазда он төрт балаға жазғы демалыс лагеріне барарда спорт аяқ киімін сыйладық. Бүгінде сый-сыяпатымызды алып келдік. Енді осындай-осындай көмек бердік дегеніміз жөн болмас,-деді Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы.
Облыстық балалар үйіне кіргенімізде демеушілер мен мецанаттардың сыйлаған сыйлықтарын, мысалы, музыкалық және ойын жабдықтарын, тұрмыстық техникалар спорттық тренажерларды, басқа да заттарды көрдік. Балалар үйі қызметкерлерінің айтуынша, барлық балалар үйлері мен интернаттарына облысымыздағы банктер, ірі өндіріс пен кәсіпорындары, серіктестіктер мен кәсіпкерлер, басқа да ұйымдар, ұлттық мәдени қауымдастықтар демеушілік жасады.
Мәліметтерге жүгінсек, республикамызда 8191 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатқан 180 ұйым жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда бұл ұйымдардың тәрбиелеудің отбасылық нысанын дамыту желісі 22 бірлікке азайды.
Шара барысында жиналғандарды балалар үйінің директоры С. Архипкин құттықтады, жылы лебізін білдіріп, рахметін айтты. Содан кейін мерекелік концерт болды, балалар өнерлерін көрсетті. Балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Келген қонақтар балалар үйін аралады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: қайырымдылық шарасынан көрініс
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ