Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ

Әдебиет сабағында ағайымыз Жасұлан Бекентаев  "Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ" атты тақырыпта ой-толғау жазып келуімізді сұрады. Мен не жазсам екен деп ойладым.  Абай атамыздың  жылқыны керемет суреттеп жазған өлеңі  екенін жақсы білемін. Өзім жылқы малын жақсы көремін.  Содан кейін бұл тақырып көкейімде  тайға таңба басқандай жазылып тұрды. Өйткені  осы тақырыпта ғылыми жұмыс  жазып, оны қорғап, нәтижесінде  оқушылардың қалалық ғылыми жұмыс байқауында 2 орын алдым.
Жылқыны менің ұлы атам да жақсы көрген. Ол туралы айтпасқа болмайды. Мен оның шөбересі боламын. Ұлы атам  (атамның әкесі) Фатхолла Кірмаңдай Қостанай облысы, Жанкелдин ауданында  жылқышы болған кісі.  Еңбегі үшін атама "Социалистік Еңбек Ері" деген атақ берілді. Алтын жұлдызы бар.
Ол кісінің атақты "Шилі қасқа" деген жүйрік аты болған дейді.  Үлкендердің әңгімесінен естігенім, біздің Қостанай жылқы тұқымдары осы жүйріктен  пайда болды деседі. Атам  білуімше өз ісінің шебері, елінің мақтанышы болған екен. Ол кісіні  халқы өте құрметтеген, еңбегін бағалап, депутаттыққа сайлаған. Атама арнап ақын Нұрхан Ахметбеков   "Жүз жылқыдан, жүз құлын алған" деп өлең шығарды.  Мен де атам сияқты жылқының қыр-сырын зерттеп келемін.
Осы жұмыс барысында мен Қостанай жылқы зауытына бардым. Ол жерде "Қазақ тұлпарының" директоры Нәбидолла Аханұлымен кездестім. Ол кісі маған қолынан келгенше көмектесті. Біздің осы Қостанай  жылқы тұқымдарының шығу тарихымен, тұқым алу әдістемесімен таныстырды. Жетістіктерін көрсетті.  Жұмыс кабинетіндегі журналдармен таныстырды. Ең кереметі  сол, мен ол кісінің жұмыс орнына отырып, суретке түстім.  Қатты қуандым.
Жұмысшылар мені жылқы зауытына ертіп апарды. Көптеген жылқы тұқымының түрлерімен таныс-тым. Атқа міндім.  Атқа мінген маған қатты ұнайды. Бірнеше рет ата-анаммен бірге "Қазақ тұлпарында"  өткен  бәйге жарысын көруге бардым.
Егер жол түсіп  Қостанай ауданы Заречный селосына бара қалсаңыз, селоның  кіре берісінде "Қазақтың қазанаты Қостанайда" – деген жазу жазылып, жылқылардың суретін іліп қойған. Ол жазу мен сурет жылқыға деген  үлкен құрмет деп түсінемін.
Меніңше, қазақ жері – жылқының  отаны. Жылқы – әлемнің жоғары бөлігі, ата-бабалар символы. Жылқы – тәңірдің тірі бейнесі, нұры. Жыл-қы – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы.  Сондықтан жылқы маған өте ұнайды. Оны ата-бабаларымыз дәріптеген, жырларына, әндеріне, ертегілеріне қосқан. Адамның құтқарушы серігіне теңеген. Тіпті, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанымыздың Елтаңбасында  пырақтың  бейнеленуі де тегін емес.  Туған жеріміздің табиғатын, жан-жануарларын, әрбір талын көзіміздің қарашығындай сақтайық. Келешекте, XXI ғасырда мемлекетіміздің басты шаруашылығы – жылқы өсіру, халқымыздың сүйіп ішетін сусыны – қымыз, ұлттық идеямыздың негізі – тұлпар болсын деймін.
Дана Тынымбай.
№115 орта мектебінің 5 "А" сынып оқушысы.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓