Жасөспірім 12 жылға сотталды
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 жастағы З.-ға қатысты сот үкімін шығарды.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2015 жылдың 24 маусымында Рудный қаласындағы тұрғын үй ауласында 1998 жылы туған кәмелеттік жасқа толмаған В. өзі қатарлас З.-ны кездестіріп, қорқытып ақша талап еткен. Екеуара туындаған келіспеушілікті, бопсалаушылықты құқық қорғау органдарының көмегінсіз шешпек болған З. өзін ренжіткен В.-ны өлтірмекке бел буады. Ішімдік ішіп батылданған бозбала үйінен асханалық пышақ алып, В.-ны іздеуге шығады. Көп ұзамай ақша бопсалаушыны тапқан З. оны оңаша шақырып алып, кеудесінің оң жақ тұсынан пышақ сұғып алады. Жарақаттанған жәбірленуші қашуға тырысқанымен көп ұзамай құлап қалады. Жарақат салдарынан оның әлсіреп жатқанын көрген З. оқиға орнынан ізін суытқан. Жәбірленуші Рудный қалалық ауруханасына жеткізілгенше, жолда қаза табады.
ҚР ҚК-нің 99-бабының 2 бөлімі 14 тармағы бойынша айыпты деп танылған З. сот үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Енді ол жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш ОСПАНОВА