Сапа іспен өлшенеді
Биыл облыс диқандары жерден мол өнім алды. Өңірде барлығы 270 мың.тонна майлы дақылдар жиналды. Шығымы әр гектарға шаққанда 8,1 центнерден келеді. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда тура 1 центнерге артық.
Аймақ басшысының алдында есеп берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов шаруалардың «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-ына берешегі туралы толық мән-жайға қанықтырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық қарыздың 92,6%-ы немесе 6,4 млрд.теңге өтелген. Жанкелдин, Денисов, Федоров, Жітіқара, Аманкелді Қамысты, Қостанай аудандары мен Қостанай қаласының кәсіпкерлері берешектерінен толық құтылды. Таран (99%), Алтынсарин (99%), Арқалық (99%), Қарасу (99%), Науырзым (98%) аудандары түгесуге жақын. Қалған 511 млн.теңге қарыз айдың соңына дейін төленетін болды.
Өңірде мал шаруашылығын дамыту ісінде де ілгерілеушілік басым. Соңғы бес жылдың бедерінде атқарылған жұмыс қомақты. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсәбін дөңгелентіп отырған шағын шаруа қожалықтары көбейген. Соның арқасында облыста қара малдың үлес салмағы 42% -ға (2010 ж.-19%) жетіпті. Мәселен, «ҚазАрго» ҰБШ» АҚ-ының қаржылдандыруымен жалпы құны 36,5 млрд.теңгеге бағаланған 74 инвестициялық жоба жүзеге асты. Осы арқылы 2000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл өз кезегінде өнім өндіру көлемінің артуына ықпал еткені байқалады. Астықты өңір үстіміздегі жылы етті 29%, сүтті 21%, жұмыртқа өндіруді 62%-ға ұлғайтқан. Бұл жаман көрсеткіш емес. Көңілге дем берер осындай көрсеткіштермен қоса, кейбір кереғар көріністер де бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Бұған жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары аса мән бермей отырғаны қынжылтады. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде облыс 2011-2015 жылдары барлығы 20076 ірі қара сатып алған. Бұл мақсатқа 3,9 млрд.теңге инвестиция тартылған.
Үстіміздегі жылы 4584 қара мал сатып алынуы тиіс болса, есепті кезеңде 4160 зеңгібаба тұқымы әкелінген. Ең төмен көрсеткіш Жітіқара, Қамысты, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық қаласында тіркелді. Тіпті, биыл Жітіқара ауданының шаруашылықтары бір де бір мал сатып алмаған. Жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындау үшін әлі 424 қара мал әкелінуі тиіс.
Бүгінгі таңда «АКК» АҚ-ында 1123 ірі қара алуға өтініш білдірген 5 шаруашылықтың құжаттары қаралу үстінде. «Құлан», «Алтын асық» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларының да орындалу барысы жаман емес. Мәселен, Меңдіқара, Әулиекөл, Алтынсарин, Қостанай, Денисов және Қамысты аудандарының шаруалары жоспарды артығымен орындаған, соның арқасында облыс тапсырма үдесінен шығып отыр. Керісінше, Таран, Науырзым, Жанкелдин, Ұзынкөл, Қарасу аудандары мен Арқалық қаласында бұл көрсеткіш өте төмен. Тегінде сапа деңгейі саннан гөрі іспен өлшенсе керек.
Өкінішке қарай, өңірде мал өлімі азаймай тұр. Соңғы бес жылда облыс бойынша 10888 қара мал қырылып қалған. Бұған кейбір жергілікті жерлердегі сұрықсыз жағдайлар себеп. Жекелеген аудандарда мал мамандары жетіспейді. Фермаларда санитарлық ережелер сақталмайды. Осындай көптеген факторлар малдың жаппай қырылуына әкеп соқтыратыны шындық.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мұндай мәселеге немқұрайлы қарауға болмайтындығын қатаң ескертті. Мал шаруашылығы-ел экономикасын еселейтін маңызды салалардың бірі. Ет,сүт өнімдерін сыртқы шығару арқылы табысты еселеуге болады.Ол үшін шаруашылық базаларын нығайту қажет. Көрші облыстармен бірлесіп, ет комбинаттарының құрылысын салу да оңтайлы тәсіл. Мәселен, облыс әкімдігі Ақтөбе облысының «Молочные историй» ЖШС-і мен Қарабалық ауданындағы «Терра» ЖШС-і ет кластерін құру үшін үш жақты меморандумға қол қойған болатын. «Бұл бір-біріне қоңсылас қоған облыстар үшін өте тиімді жоба болмақ. Келешекте мұндай жоба Қарабалық ауданының аумағында да жүзеге асуы мүмкін. Сонда ғана өңірде мал өнімдерін кешенді түрде өңдеуге кең жол ашылады»,-деді облыс басшысы А.Мұхамбетов.
Айбек КӘДІРҰЛЫ