Тойымыз неге ұятсыз болып барады?
Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтік желілерде жарияланған видеолар қазақ тойларының сықпытын жаңа қырынан ашып берді. Олардың бірінде тойға жиналған еркектер шалбарларын шешіп тастап, үш киіммен жұлқынып билейді. Бұған бәрі қол шапалақтап жатыр. Тағы бір тойда тырдай жалаңаш қыз арлы-берлі ойқастап билеп келеді де, орындықта отырған жас жігіттің алдына отырып алып, оны шешіндіреді, содан соң жалаңаш төсін тигізіп оған сүйкенеді.
Рас, әудем жердегі үстел басында отырған төрт-бес әйел «масқара, масқара» деп ұялғансып отыр. Бірақ әлгілер қойылымнан көз алмай ынтығып көріп отыр. Тойдағы ашық-шашық бұл қойылымды кемпір-шал да, бала-шаға да тамашалап жүр. Олардың ішінде эротикалық қойылымнан оргазм алып жатқандар да бар шығар. Бірақ, оны видеодан байқау мүмкін емес… Тағы бір тойда жігіт қызды алдына өңгеріп алып, оның құйрығын домбыра шанағынша ұрғылап, күй тартады. Осы тәріздес ұятсыздау қойылымдарды жасайтын – той иесі жалдаған тамадалар (асабалар). Олар мұндай ұятсыз әрекеттерге неге барады? Біз осыны талдап көрейікші.
Той мазмұны екі бөліктен тұрады. Мұны философтар бағзы заманда-ақ «нан және қызық» деп атап кеткен. Яғни, халыққа «нан» ғана емес, «қызық» та керек. Әрине, бірінші керегі – «нан». «Нанға» тойдырғанмен, олар бұған риза болып қалмайды, олар тойып алған соң өздерінің көңілін көтеретін қызық іздейді. Тойдың сценарийі де осы екі қажеттіліктен құрылады. Ертеректегі тойлардың «наны» – дастарханы жұпыны болатын. Тойға барған адам «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» деп, бір-екі бауырсақ тістеп, бір жұлым ет жегеніне, сүт қосылған тәтті шәй ішіп қайтқанына балаша қуанатын. Халықтың әл-ауқаты жақсарғалы бері «нан» мәселесі адамдарды қобалжытпайтын болды. Тойда екі мәрте ыстық тамақ беріледі, оған қоса дастарханда суытылған қазы-қарта, ет, шұбат-қымыз, сусын мен салаттың алты-жеті түрі, кептірілген және жас жемістің Қазақстанда өсетіні де, өспейтіні де қойылады. Арақ-шараптың қандай түрін, қанша ішем десе де, жеткілікті. Қысқасы, қазақ тойында қарынның қамын ойлайтын заманнан кетті. «Пәленшенің тойында француз виносын, таза орыс арағын, кока-кола іштік, жылқы сойыпты, ананас, банан жедік» деген сөз мақтаныш емес болып қалды.
Дастарханға қойылатын тағаммен қатар қазақ тойының «қызығы» да арта түсті. Хан сарайынан кем емес тойханалар салынды. Сүндет той кезінде баланы атқа отырғызып, оны тойхана ішінде арлы-берлі серуендететін жағдайға жетті. Сүндет тойға аттардың ыңғайланып алғаны соншалықты, олар тойхана баспалдақтарымен екінші қабатқа көтеріліп түсе береді. Тойхана ішіне аппақ көгершіндерді ұшырып қойып қазір ешкімді таңғалдыра алмайсың. Кейде цирк хайуанаттарын тойдан көретін жағдайға жеттік.
Бұрынғы тойларда бет-әлпеті келіспеген, дауысы тарғылданып шығатын жергілікті өнерпаздардан құралаған ансамбль өлең айтатын. Қазір тойларда эстрада жұлдыздары – Мақпал мен Розадан бастап Қайрат Нұртасқа дейін ән шырқайды. Әзіл-сықақ театрларының әртістері де тойда жүреді. Қарапайым халық үшін солармен тойда кездесіп, бірге суретке түсіп алу қалыпты жағдайға айналды. Әрине, эстрада жұлдыздарын тойға шақыру үшін қалтаның қалыңдығы керек. Егер ақша жетпесе, онда теледидардан бір-екі мәрте клипімен жылт-жылт ете қалған екінші, үшінші сортты эстрада жұлдыздарын шақырып-ақ тойдың сәнін келтіріп, салтанатын асқақтатуға болады. Бірақ мұнымен де, кәсіби әнші-бишіні, сиқыршы мен сықақшыны тойға шақырып та жұртты таңғалдыра алмайтын жағдайға жеттік. Осындай жағдай тамадалардың арасындағы бәсекелестікті күшейтті. Қазір жұрт тойдың қызық өтуін тамадамен байланыстырады. Асабалар бір-бірінен асып түсуі үшін жанын салып жатыр. Олардың жанталасуы түсінікті де. Егер тамада тойды бұған дейін болған тойлардан қызық әрі ерекше қылып өткізсе, оның рейтингі өседі, ол туралы дақпырт сөз ауыздан ауызға көшіп, оның аты дүйім жұртқа жетеді, ол тамада үшін тойшы қауым кезекке тұрады.
Асабалар өздерінің бәсін арттыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысып жатыр. Бұрын олар тойды өлеңдетіп басқарушы еді. Жұрт өлеңнен жалықты. Асабалар ұятсыз анекдоттар айтуды бастады. Алғашқыда қызық болған, кейін одан да жалықты. Өздерімен бірге «бөксе биін» билейтін қыздар ертіп келетін болды. Бұған да тойшы қауымның көзі тойды. Мұнда ерекше бір атап өтетін жайт бар. Адам баласының бір қасиеті – ол «жабық темаға» әуес болады. Бұлтаңдаған жалаңаш бөксемен шектелмек емес, оның арғы жағындағы нәрсені көргісі келеді де тұрады. Осы қызығушылықты қанағаттандыру үшін асабалар жанын салып жатыр. Олардың тойдағы еркектерді азғырып іш киіммен билетіп жіберуі де, тырдай жалаңаш қыз бен жас жігітке эротика жасатуы да жұртқа асаба ретінде ұнасам деген ұмтылыстың нәтижесі. Сол үшін тамадаларды да айыптауға болмас. «Ұятсыз адам ғана асаба болады» деген сөзді де қайталай бергеннен ештеңе өзгермейді. Себебі, тамадалар нарықтың заңымен жұмыс істеп, сұранысқа сай ұсыныс жасап отыр.
«Тойдағы ұятсыздық тамадалардың кесірінен болып жатыр» деп қара аспанды төндіру де керек емес. Бәріне уақыт емші. Себебі, қазақ халқы әлі батыс елдеріндегідей «сексуалды төңкерісті» бастан өткеріп болған жоқ, «жабық темаларды» «ашу» баяу болса да жүріп жатыр. Бұл кезеңнен ерте ме, кеш пе, қазақтар да өтеді. Сол кезде тырдай жалаңаш қыз-жігіттердің тойдағы эротикалық қойылымдары түкке тұрғысыз арзан дүние болып қалмақ. Ондай қызықпен тамадалар ешкімді де тамсандыра алмайтын болады. Екіншіден, 150-200, 400-500 адам шықырылатын тойлар бертін келе қазақ ішінде доғарылады. Атам заманда Еуропа халықтары да үйлену тойын үлкен қауыммен – ауыл, қала болып тойлайтын. Өлген адамды да солай шығарып салатын еді. Олардың да тойларында аста-төк дастархан жайып, ұятсыз қойылымдар жасайтын. Тіпті тойдың қызығына түсіп, қауымдық оргия жасауға дейін барған жағдайлар болды. Бертін келе мұның бәрі тыйылды. Қазір батыс халықтарындағы үйлену тойына да, қазаға да көп дегенде 15-20 адам ғана жиналады. Олардың бәрі – жақын туыстар мен дос-жарандар. Мұндай шараны басқаруға тамада керек емес. Батыс елдері сияқты қазақтар да қауымдық санадан арылып, жеті атаға дейінгі туыстарын шақырып, той жасап мақтанудан қалатын кез алыс емес. Сол кезде «Қазақтардың тойы неге ұятсыз болып барады?» деген сауал қойылмайтын болады.
Берік МЫҢЖАСАР