Игілікті істердің куәсі болды

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың аудан-қалаларды аралауы жалғасуда. Бүгін аймақ басшысы темір кенімен танылған қазыналы өлке – Рудный қаласында болды.IMG_9938
Алдымен мәртебелі мейман қалаға кіреберістегі «Жас қанат – 2006» құс фабрикасына бас сұқты. Қостанай облысының Индустрияландыру картасына енген кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жайлы оның директоры Қайрат Маишев әңгімелеп берді. 2007-2014 жылдар арасында серіктестік заманауи құс фабрикасын құру және жаңғырту бойынша 2 инвестициялық жобан жүзеге асырған.

IMG_9992

 Нәтижесінде қуаттылығы жылына 200 млн дана жұмыртқа өндіруге жететін 937 120 бас құсқа арналған орын құрылды. Құйылған инвестиция көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. Қайрат Әлімбайұлының айтуынша, қазіргі таңда жаңғыртудың үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Ол бойынша жұмыртқа өндірісі жылына 250 млн данаға жетіп, құстың саны бір жарым миллионға дейін артпақ. 2014-2016 жылдарға арналған жоба шеңберінде қуаттылығы сағатына 20 тоннаны құрайтын азықтандыру цехы, сағаты 120 мың жұмыртаны сұрыптайтын машина, оны тасымалдайтын «Анаконда» жүйесі мен тағы да басқа құрал-жабдықтар сатып алынған. Өнімді өткізу мәселесі де жолға қойылыпты. Қазақстанды былай қойып, кәсіпорын Санкт-Петербургтық «Красное яблоко» компаниясымен бірлесіп, тауық еті мен жұмыртқаны Ресейдің көптеген аудандарына экспорттамақ.

IMG_9907

Құс фабрикасын аралаған әкім атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, сапарын әрі қарай цемент зауытында жалғастырды. Бұл нысанның іске қосылуы Қостанай облысындағы цемент қажеттілігін қанағаттандырып, сонымен қатар оны барша Қазақстан өңірлеріне сатуға да мүмкіндік береді. Темір жол тораптарының салынуымен өнімді тарату оңайға түспек. Қазіргі таңда цемент зауыты аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға таяу. 

IMG_9985

«Рудный цемент зауыты» ЖШС директоры Николай Ведерниковтың айтуынша, ҚХР-дан келген шеф-монтаж инженерлерімен бірлесіп, клинкер өндірісі жолының технологиялық құрылғысын монтаждау жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны 13 млрд теңге. Соның ішінде өзіндік қаражат пен қарыз ақша да бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қаржылық қолдау да көрсетілген. Өңір басшысы 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын зауыттың толық іске қосылуы үшін қажетті қаражатпен қамтамасыз ететіндігін айтты.

IMG_9955

Мәртебелі мейман ат басын бұрған келесі нысан «Лидер 2010» сүт зауыты болды. Жаңғыртудан өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ұйымдастырылған жалпыұлттық телекөпір кезінде қайта ашылған зауыт 7 мың тонна сүт пен ашытылған сүт өнімдерін шығарады. Мұнда өнім құрамы жоғары сапалы шикізатпен байытылып, дәстүрлі әдіспен пастерленеді. Сақтау мерзімі 5 күннен 21 күнге дейін ұзартылып, қолайлы пэт ыдыстарға құйылады. Еуропалық талапқа сай желі Индустрияландыру картасы бойынша шетелден әкелініп, отандық мамандар арнайы даярланды.
– Біз үш жыл бұрын бастау алған сүт-тауарлы өндірісімізді дамытуды жалғастырудамыз. Осы орайда күн сайын 20 тоннаға дейін сүт өндірудеміз. Әлемдік стандарт бойынша жасалынатын өнімді Қазақстанның барша өңіріне және Ресейдің 30 қаласына жеткізудеміз, – деді «Лидер-2010» ЖШС бас директоры Владимир Ширяев.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов доллар бағамының өсуіне қарамастан сүт өнімдерін бұрынғыдай бағамен сата беруге кеңес берді.

IMG_9914

Келесі кезекте қонақтар Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне тоқтады. Аймақ басшысына қала құраушы кәсіпорынның қызметі туралы «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев баяндап берді.
Ең алдымен фабрикалық кешеннің өндірістік алаңын аралаған қонақ бастапқы темір кені концентратын өндіретін 17-технологиялық секцияға үлкен қызығушылығын білдірді. Өнімділігі жылына 1,2 млн тоннаның құрайтын жаңа секция 2011 жылдың желтоқсанында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей телекөпір кезінде іске қосылған болатын.
Металилектеу зауыты Қостанай облысы мен жалпы Қазақстандағы маңызды стратегиялық нысандарының бірі саналады. Жоба 2010 жылдың маусымында іске қосылды. Бүгінде зауыт басты міндет – ССКӨБ-тың болат бұйымдарға деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп келеді. Оны жасау үшін қара металлдардың қалдықтары пайдаланылады. Зауыттың өнімі Кен дайындау және байыту фабрикасында магнетиттік темір кендерін ажыратып алу үшін қолданылатынын айта кеткен жөн. Осылайша, қалдық шикізаттарды қайта өңдеу мәселесі өздігінен шешіліп жатыр. Зауыт жұмысын жақсарту үшін қолдағы бар өндірісті оңтайландыру мәселелері қарастырылуда. Мәселен, мұнда диаметр 30 мм-лік шарларды шығаратын 2 шар илектеу станының орнына 30-60 мм-лік шар шығаратын жаңа стан әкелініп, илектеу желісі қайта құрылды.
Кәсіпорынмен танысудың одан кейінгі пункті – Жылуэлектр орталығы болды. 2009 жылы мұнда 6-энергоблоктың құрылысы аяқталды. Жобаны жүзеге асырудың арқасында ССКӨБ өндіріс үшін қажетті электр энергиясының 85 пайызын өндіріп, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алды. Бүгінде ЖЭО қыс айларында да еш кедергісіз жұмыс істеп келеді. Дегенмен Архимед Бегежанұлы тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, энергияны үнемдеудің тың жолдарын іздестіруге шақырды.
– Шикізат нарығындағы қиыншылықтарға қарамастан кәсіпорын ұжымы алғы кезектегі міндеттердің барлығын орындап келеді. Қазіргі таңда Еуразиялық Топтың барлық кәсіпорындары сияқты біз де үлкен жаңғыртулар жүргізудеміз. Бірлестік ұжымы алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асыруға әрқашан дайын, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов комбинат жұмысына жоғары бағасын берді. Ол кен алыбы өзінің ауқымдылығымен, жүзеге асырылған жобалар санымен, заманауи технология мен жаңа жабдықтарымен көш басында тұрғандығын атап өтті.
Аймақ басшысы аралаған соңғы нысан «Арасан фирмасы» ЖШС болды. Сусынның түр-түрін шығаруға әбден машықтанған кәсіпорын көптеген республикалық көрмелердің жеңімпазы. Жуырда оның өнімі Еуропада да өзінің лайықты бағасын алып қайтыпты. Архимед Бегенжанұлы Қостанайлық зауытымен қосқанда 800-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік ұжымына табыс тіледі.
Кеншілер қаласындағы игілікті істердің куәсі болған аймақ басшысы Рудный әкімі Бақытжан Ғаязовтың жұмысына көңілі толғандығын айтып, дағдарыс жағдайында жұмыс орындарының қысқармауын қадағалауды мықтап тапсырды.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓