Терроризм – адамзатқа төнген қауіп
Жұмыр жер бетінде қазан, қараша айлары қасіретке толы болды. Көршіміздің Сириядағы қақтығысқа қаруын ала жүгіруі де, осы айда басталған еді. Ресей жасақтары терроризмге жаудырған әрбір оғын әспеттеп, бейнелеп, тіпті онлайн жүйеде жаһанға ғаламтор арқылы көрсетуге тырысты. Осылайша, Ресей Федерациясының әскери, қарулық күшінің өзгелерден кем емес, тіпті күшті екенін әлемге жариялады. Көршіміздің мұндай қадамға баруының өзіндік себебі бар еді.
Әлемді жайлаған қаржы дағдарысында, онсыз да батыс елдерінің экономикалық санкциясына ұшырап ашынған мемлекеттің мылтық көтеруіне – АҚШ-тың Қырым мәселесін сылтауратып, қаруымен қоқан-лоқы көрсетуі мәжбүрлеген еді. Украинаны оттан қорғаймыз деген желеумен, екі славян елінің ортасына ракета орнатқысы келген державалық мемлекетке орыстар да дәл солай жауап берді. Тек, көршіміз қаруын алпауыт елдерге емес, содырларға қарсы кезеді. Әлемнің көптеген елдерінде мойындалмаған, өздерін ислам мемлекеті деп жариялаған басқыншыларды әуеден бомбалауға кірісті.
Нәтижесінде, Сирия басшысы Башар Асадтың тілегі орындалып, әзірлік лагерьлері мен қару-жарақтарынан қағылған, қатарлары ойсырай сиреген басқыншылар ініне қарай ығысты. Енді бір легі әлемнің әрбір елінен сауға сұраған босқындармен бірге Еуропа, Азияға аттанды. Содырлардың соққысы осыдан басталды. Соңғы кездері тыңшылығымен танылып жүрген Американың «терроризмге жол жоқ» деп ұрандатып жүрген Ресейді қуаттамай, басқыншылар жайындағы ақпараттарымен бөліспеуі – содырларға біраз мүмкіндік берді. Екі атанның сүйкенісінен сытылып шыққан содырлар ақылға симайтын қастандық жасады. Салдарынан, мыңдаған адам қаза тапты…
Ұшарын ел білді, қонарын кім білген?
224 адамның өмірін жалмаған әуе апаты Мысыр елінің маңайында болған еді. 31 қазанда Шарм-эш-Шейх әуежайынан Санкт-Петербург қаласына бет алған «Когалымавиа» компаниясының әуе кемесі 22 минуттан соң жерге құлады. Ұшақтың қара жәшігін зерттеген мамандар апаттың соңғы сәтіне дейін ешбір келеңсіздіктің болмағанын, тек соңғы секундында ғана белгісіз гүрілдің естілгенін айтады. Осы уақытқа дейін, ұшақ – сыртқы қалыбының жарылуынан (герметизация) екіге бөлініп кеткен деген болжам жасалған еді. Тек, әуе кемесі қалдықтарының 30 шақырымға дейін шашылуы көңілге күмән ұялатты.
Airbus-321 қалдықтарын тұтастай зерттеудің нәтижесінде, ұшаққа бомба қойылғаны мәлім болды. Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников таратқан ақпаратқа жүгінер болсақ, қолдан жасалған жарылғыш заттың қуаты 1,5 келі тротилге теңестірілген. Бомба әуеде жарылғандықтан, ұшақ қалдықтары жан-жаққа шашырап кеткен. Ұшақтың артқы бөлігіне орнатылған таймерді тапқан мамандар ресейліктерді террористер жарып жіберген деген шешімге келді. Мұндай жағдайдың Ресейде,ТМД көлемінде бұрын-соңды болмағанын айта кеткен жөн.
Әр елдің мемлекет басшылары содырлардың мұндай әрекетін айыптайтынын ашық мәлімдеуде. Көрші елдің қайғысына ортақтасқан Елбасымыз да, қандай келеңсіздік болмасын, қарапайым халықтың қанын төкпеу қажеттігін кесіп айтты. «Терроризм – әлемге, адамзатқа төнген қауіп! Адамзат осы қауіппен бірлесіп күресуі тиіс. Ислам дінінің терроризммен ешбір байланысы жоқ. Осыған байланысты, БҰҰ мінберінде «Ислам терроризмге қарсы» деген айдармен арнайы форум өткізуді де ұсынған болатынмын. Мұндай зұлымдықты біз, тек бірлесіп жеңе аламыз. Терроризмнің не ұлты, не діні жоқ. Сондықтан да, адамзат кеселмен бірлесіп күресуі тиіс» – деген еді Н.Назарбаев.
Карикатураның қасіреті
Әр нәрсені келемеждеу – еуропалықтарға тән қасиет. Әсіресе, француздық «Charlie Hebdo» басылымы бұл тұрғыдан алдына жан салмайды. 2006 жылдан бері мұсылман қауымына қатысты карикатура жасаумен аты шыққан журнал – содырлардың назарынан да тыс қалған жоқ. Үстіміздегі жылдың қаңтарында Мұхаммед пайғамбарымызды келемеждеп, күллі мұсылман қауымына тас атқандарға содырлар оқ атты. Осылайша, басылымның 12 қызметкері қаза тауып, 10-ы ауыр жараланды.
Тек, мұсылман елдері ғана емес, әлемнің әрбір мемлекеті «Charlie Hebdo» басылымына басу айтып, Алланың сүйікті елшісін қорлауды тоқтату қажеттігін ескертсе де, құлақ асқан француздар болмады. Ал, содырлар үшін еуропалықтардың бұл әрекеті – жақсы сылтау болды. Соның салдарынан адамзатқа қауіп төніп, терроризм салқынын әрбіріміздің сезініп жатқан жайымыз бар…
Күні кеше ғана әуе кемесі көктен құлап, қасірет шегіп жатқан көршімізге басу айтудың орнына, батыстың бағытын ұстанған елдердің танымал тілшілері мен саясаткерлері жағымсыз, жаға ұстатарлық сөздер айтып, адамшылыққа жат қылықтарын көрсетіп қалды. «Charlie Hebdo» басылымы да, басқаларынан қалмай «өз мәнеріндегі» Ресей ұшағына қатысты карикатурасын жариялады. Бұл – журналистік этиканы былай қойғанда, адамгершілікке жат. Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең жеңілдейді. Француздықтар мұны енді түсініп жатқан сыңайлы.
14-ші қарашада Парижде болған қастандықтың салдарынан, 127 адам қаза тапты. 200-ге жуық адам жараланған. Соның тең жартысы хәл үстінде. Француздарға жасалған қиянатты барша адамзатқа жасалған қастандық деп қабылдаған әлем жұрты – терроризммен бірлесе күресу қажеттігін алға тартты. Әр мемлекет қайғырып көңіл айтып, көмек көрсетуге тырысты. Алысын айтпағанның өзінде, ТМД көлеміндегі елдер Франциямен бірге қайғырып жатқанын білдіріп, сол елдің жалауын желбіретті. Украина, Ресей, Мысыр, Англия, Германия іспетті мемлекеттер белді деген ғимараттарын француздың үш түсті жалауына бояп, қайғысына ортақтасты. Ал, америкалық әскерилер «Францияға деген махаббатпен…» деген жазуы бар бомбаларын Таяу Шығысқа аттандырды.
Сақтансаң – сақтайды
Ресей мен Францияға жасалған қастандық – әлем жұртшылығын терроризмге қарсы біріктірді. Батыс елдері содырлардың ошағына от жаудыруын өршіте түсті. Владимир Путин де Сириядағы шабуылын одан әрі күшейтерін мәлімдеді. Ал, ұшақты жарып жібергендерге келер болсақ, тұщымды ақпарат бергендерге көршілеріміз 50 млн. АҚШ долларында сыйақы тағайындаған. Ізінше, осы іске қатысы бар деген күдікпен екі адамның Мысырда құрықталғаны мәлім болды. Сондай-ақ, Париж маңайындағы Сен-Дени қаласында 5 содыр тәртіп сақшыларының көзіне түсіпті. Олардың бірі оққа ұшса, енді бір әйел өзін-өзі жарып жіберген. Қалған үшеуінің қолына кісен салынды.
Франция астанасындағы жантүршігерлік оқиғаларға байланысты еліміздегі әуежайларда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қазір жолаушыларды кіреберістен бастап тінтитін күзетшілер тіпті қол сөмкенің ішін ақтарып, күдік тудырған тұрғындарды шешінуге мәжбүрлеуде. Тек Алматыда ғана емес, Астана, Ақтау қалаларындағы халықаралық әуежайлардың да қауіпсіздік қызметтері жұртқа айтқанын орындатып жатыр. Ол жерлерде де тексеру күшейген. Күні-түні күзет қойылып, әуежайдың сыртына дейін сақшылар жүр.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ