Мәселе ас беруде ғана емес…

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары халқымыздың қаншама азаматтары жазықсыз жапа шекті. Ықпалсыз-ықтиярсыз "итжеккенге" айдалды. Әрине, оған ел ішіндегі күншілдік те себеп болған шығар. Ертеде өткен бабаларымыз түгіл, Кеңес үкіметі тұсында  өз шаңырағында о  дүниелік болған кісілердің аруағына  құран  бағыштап,  қол жайғызған жоқ.  Жұмыс басты жандар қазаға, не тойға бару үшін шектеулі уақытқа ғана жіберілетін.
Тәубә, ол күндер келмеске кеткелі қашан?! Ендігі жерде Қазақ елінің азаттығы баянды болса екен  деп тілеймін!
ас
Айтайын дегенім, Аралбай ауылында Досым атаның бір баласы Мырзабекке оның  ұрпақтары – Кенжехан Ахметбеков ағамыз бастап қазіргі ел ағалары: Хамит Аңсағаев, Сапа Тоқсейітов, Байғара Сүйінов, Әпеш, Әскербектер үлкен ас берді.
Мырзабек  Көрпеұлына  ескерткіш орнатылды. Ескерткішке Мырзабектен тарайтын тұтас бір әулеттен тарайтын аталардың аттары жазылған. Аруақты құрметтеп келген ағайындарда есеп жоқ. Қорымның сырты тас бағандармен қоршалған. Қазақ: "Өлі разы болмай, тірі байымайды", – дейді. Дұрыс сөз. Бұл игі шара құр босқа шашылып немесе арзан бедел жинау емес, кейінгі буын өкілдерінің перзенттік парызынан туған шын ықыласты іс деп есептеймін. Жиынға қатысқан қалың нөпір ас ішіп, аяқ босату үшін келмегендіктерін көрсетті. Қорым басында дұға оқылып болғаннан кейін, қарақұрым халық ауыл орталығында аталарымызды еске алуға арналған қазақ күресін тамашалады.Шүкір, Торғайда Дүзелбай,Таңатқан аталарының өкшесін басып, ізін жалғастырған кәнігі палуандар аз емес. Солардың бүгінгі ізбасарлары боз кілемде белдесіп, асқа жиналған жұртшылықты тәнті етті. Турнирге қатысқан палуандардың барлығы олжасыз қалған жоқ. Оларға үш деңгейлі жүлде тігілді. Оның бір парасын Жанкелдин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағамбетов, келесісін Торғайдағы қадірменді ақсақалымыз  Кәдірхан  Ибраев  тапсырды. Маған да жас палуандардың бір тобын марапаттау құрметі тиді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бәріне медальдар мен мақтау грамоталары берілді.
Спорттық шарадан кейін қалың бұқара ауыл клубына жиналды. Бұл жерде аруақтарға арналып ас берілді. Дастарқан тізгінін қолына алған Сапа Тоқсейітов мұндай басқосудың кейінгі жастарға берер тәрбиесі мен тағылымы мол екендігін жан-жақты түсіндіріп берді. Одан кейін Астанада тұратын Байғара Сүйінов сөз алып, Мырзабектен тарайтын ұрпақтардың арасынан талай мемлекет қайраткерлері шыққанын, бүгінгі таңда Қазақ елінің әр түкпірінде қызмет істеп, құрметке бөленіп жүрген азаматтар жөнінде ой толғады.
Шын мәнінде бұл басқосу мәнді де мағыналы өтті деуге негіз бар. Қазақтың  басы қосылған жерде өлең-ән айтылмай тұрушы ма еді?! Сырттан келген қонақтардың бәрі әуелетіп ән салды. Сыртта жүрген ініміз Зәкен Боқанов "Ауылым" әнін шырқаса, Орекен Алмат "Құсни-Қорланды" әуелетті. Дауысы бәз-баяғы қалпы. Құдды Меңдіқараның педучилищесін  бітіріп келіп, Жанкелдин орта мектебіне мұғалім болып орналасқандағы  балалайкамен тартқан әнінен бір айнысашы…
Дастарқан басында көпшілікке сый-сияпат жасалды. Ас қайырылып, дұға оқылып болғаннан кейін Хамит Аңсағаев елдің бірлігіне ризашылығын білдіріп, жиналған қауымға рахметін айтты. Осыдан кейін ат жарыс басталады деп хабарлады. Тұяғымен күй тартып, даланы дүбірге бөлеген тұлпарларға  бәйге тағайындалыпты. Мәселен, бірінші келген атқа 50 мың теңге, 1 кілем, мәре сызығын екінші боп қиған сәйгүлікке 30 мың теңге, 1 кілем, үшінші орын алған аттың иесіне 20 мың теңге, 1 кілем жүлде тігілді
Жалпы, бабаларды ұлықтау, қазақтың ұлттық ойындарын еске түсіру осы кезге дейін ат спорты ойындары ұмыт қалған шаралар еді, осы дәстүрді жаңғыртқан бабамыз Мырзабектің ұрпақтарының еңбегі өнегелі деп ойлаймын. Осы  шараны ұйымдастырған жоғарыдағы аттары аталған ұрпақтарын аруақ желеп-жебесін деп тілеймін!
Жақында осындай игі шараны ауданымыздағы Мерген атаның ұрпақтары да ұйымдастырған болатын. Баймырза аталарының басына жолдың бойынан үлкен мұнара орнатты. Бұл іске атаның ұрпақтары, мен өзім білетін Төкен Құсайынов, құдам Серік Бидашов үлкен еңбек сіңірді. Ылайым, ата-бабасын ардақтайтын осындай ұрпақтар өсіп-өне берсін!
 
Кәкімжан Кәрбозов,
Жанкелдин ауданының құрметті азаматы.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓