УӘДЕ
Осы биыл оңтүстіктегі облыстың бірінде 1941 жылы майданға аттанып, жеті жылдан кейін елге оралған, тоқсаннан асқан қарияға Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай қала басшылары үлкен сый-сияпат жасауға, атап айтқанда, көлік сыйлауға уәде беріпті. Бірақ мереке тақағанда майдангерге көлік берілмейтін болыпты. Мұны естіген ардагердің көңілі құлазып сала береді. Бұл сыйлыққа ол кісі аса зәру де емес екен. Бәрінен бұрын қала әкімінің өзі ардагердің шаңырағына келіп, сүйінші хабарды жеткізген соң, оның сөзіне баладай сеніп қалады.
Қуанышты хабар тез таралып, телеарна тілшілері қолқалап болмағасын сұхбат та беруге тура келеді. Сөйтіп туған-туыс, ағайын-жұрт құлақтанып қойған кезде жайсыз хабардан қарияның қан қысымы көтеріліп кетеді. Онсыз да сыр беріп жүрген тоқсандағы кісінің денсаулығы қайтіп шыдас берсін, үш-төрт күннен соң осынау жалған дүниеден озып жүре беріпті… Қарияның кемпірі: "Отағасы дүниеқоңыздықтан ада, ғұмырында кісіге қиянаты жоқ, айтқан сөзінде тұратын, намысқой біртоға еді. Ол осыншама жасқа келгенде жалған уәдеге алданып, мазаққа қалғандай, ел-жұрттың жүзіне енді қалай қараймын деген ар-ұяттан кетті", – дейді.
Әдеттегідей қария сөзге жүгініп көрейікші: Қаракесек Кенже бидің Ақберді деген ағасы болыпты. Ол да шешен, молда кісі екен. Күндерде бір күн Ақберді хал үстінде жатады да інісінен: "Бір сөз сұрасам бересің бе? – депті. Кенже: "Не сөз, қандай сөз сұрайсыз? – десе, ағасы: "Берем деп уәде берсең айтамын, бермесең…", – деп әлсірей беріпті ағасы. "Сұрайтын сөзді айтпасаңыз, мен қалай уәде берем?" – депті би. Мұны көріп отырған ақсақалдар: "Дүниеден озғалы жатқан ағаңның көңілін қалдырмай, уәде берсеңші", – қаумалай қолқалапты. Сонда би: "Бұл кісінің не сұрайтынын білмеймін ғой. Менің қолымнан келсе бір жөн, ал, келмесе орындаймын деп қалайша Құдайдың алдында күнаһар боламын? Ақберді менің ағам екені рас болса, бар-жоғы беймәлім, өзіме белгісіз нәрсені берем деп Алладан бұйрықсыз, жалған айтсам көңілі қалар, – деген екен. Осы сөзді естіген ағасы інісіне қатты риза болып, ақырын ғана езу тартыпты дейді.
Сол сияқты, бір миллиардер өлім аузында жатып, қасына мұрагер баласын шақыртып, былай депті:
– Балам, халімді сезіп тұр-сың, саған бір басты құпиямды айтып қалайын. Менің осы қыруар табысқа жетуіме сеп болған екі нәрсе бар. Бірінші, егер біреуге уәде берсең, басыңа қандай ауыртпалық түссе де – уәдеңді орында, сөзіңде тұр. Мен барлық ісімде осы қағидамен істедім, сөйтіп табысқа жеттім.
Ал екіншісі – ешқашан ешкімге ешнәрсеге уәде берме!