Сындарлы сыр көп…

SONY DSCЖер дүниедегі тіршілік атаулының тілін білген Сүлеймен патша төрт нәрсенің: жыланның жартастағы  жолын , теңіздегі  кеменің, аспандағы қыранның,   еркектің әйелге махаббатының сырын білмей арманда кеткен екен.
Бүгінгі адамзатқа бір қарағанда мұның бәрі де құпия болудан қалған секілді. Құпия дейсіз-ау,  мың-мыңдаған түрі бар жыланның "көкесі" анаконданы  адам жүрген ізі тұрмақ, бар қолмен сылап-сипап, циркте мың бұралтады. Пісіріп  оның етін де жейтін көрінеді. Терісін сыпырып, тұздап, кептіріп  саудаға салады.
Мұхит, теңіз атаулыдағы жүзген кеменің  әрбір қозғалысын қалт жібермей монитордан бақылап отыратын  стансалар әлемнің су жағалаған мемлекеттерінің барлығында бар. Биыл Каспий теңізінде "Бекет Ата" құрғақ жүк кемесі қазақтың көк туымен рейске шықты.
Алматыда  көк жүзінде, құз басында әуелеп ұшқан қызыл балақ қырандарыңызды да жер серігі арқылы бақылап, қалай ұя басып отырғанын   қадағалағанды  да  көрдік.
Ал енді еркектің әйелге деген махаббат сыры десеңіз болғаны  әйел  заты мазақтап  күлуге  дайын тұратын секілді.  Олардың логикасында қазіргі еркекте әйел білмейтін еш құпия жоқ.  Бірақ…
…Албанда Бәйiт деген бай кісі бiр перзентке зар болып жүріп, бір күні  ырымдап мойнына бұршақ салып, әйелiне отын арқалатып, ақсарбас қой жетелеп, Қангелдi батырдың үйiнiң алдынан бас иiп өтiп бара жатады. Мұны көрген батыр байдан жөнiн сұрайды. Мән-жайға қанған Қангелдi батыр қырғыздан алған некелi әйелi Ботагөз сұлуды талақ деп қалдырып, көшiп кетедi. Жұртына әдейi Бәйiт байды қондырады. Сол Бәйiттен Ботагөз ұл табады, содан кейін-ақ Бәйiттiң бұрын пұшпағы қанамаған төрт әйелi бiрiнен кейiн бiрi туып, бай тұқымы өркендеп көбейеді. Осылайша еркектің ұйғарымымен  тектi нәсiлден  небір ақылман, қайраткер ұрпақ бүгінде Алматы облысында  өсіп-өнген, тату-тәтті өмір сүруде.
Еркек хақында осы күнгі әйелдер арасында: "Бопайды сүйме – әйелі өлген, сен де ұзаққа бармайсың. Ажырасқанды – сүйме, әйелімен ажырасқан, сенімен де ажырасады.  Бойдақты – сүй-ме, ешкімді сүймеген, сені де сүймейді. Әйелі бар еркекті – сүй, әйелін сүйеді, сені де сүйе-тін болады" – дегенді  мансұқтайтындар да бар. Қазіргі еркектерде сүю иммунитеті жойылып, құмарлық қасиеті ғана физикалық күшке айналған дейтіндер-ді де естіп қаламыз..  Әйтсе де..
Бір студент  сұлу қыз құрбыларымен ауылға қонаққа барып, қайтарында  көліктен қалып қойып, жаяу адасады. Қас қарайғанда  бір  үйге келсе, үй бір бөлмелі, үйде бір  жас жігіт қана бар екен. Жігіт өз төсегін қызға беріп өзі жерге жатады. Оңаша екеу қалғанда "екеудің үшіншісі шайтан болады" деген, түнде шайтан азғырады,  сол азғыру қатты күшейгенде тозақтың отын  есіме  алайын  деп жігіт саусақтарын жанып тұрған шамның отына күйдіріп, нәпсісін тежейді. Саусақтарының  күйгенінен гөрі қыз туралы ойлау қатты ауыр тиіп, жігіт зор төзіммен таң атырады. Ертеңіне қызды  үйіне апарып салғанда қыздың әкесі жігіттің ер мінезіне тәнті болады. Кейін қызын сол жігітке беріп, екеуін қосылуын тілепті дейді жұрт.
Оскар Уайльд: "Нағыз еркек әйелмен құдайындай сөйлеседі, сәбидей еркелетеді" дегені шындық. Ендеше еркектің әйелге деген махаббатының сындарлы сыры көп.
Жанұзақ Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓