Бүгінгінің Құнанбайы кім?
…Еліміздің үлкен бір қаласындағы психиатриалық ауруханадан жазылған бір хат әлеуметтік желідегі қалың оқырманның назарын аударыпты. К. деген жап-жас қазақ жігіті бастан кешкен қасіретін баяндайды. Ол шешесі ұзақ науқастан қайтыс болып, арадан жыл жарым уақыт өткеннен соң үйленеді. Әкесі құда түсісіп, құйрық-бауыр жесісіп, баласының тойын жасап береді. Сөйтіп, бір шаңырақ шаттыққа бөленіп тұрып жатады.
Күндердің күні зейнеттегі әкесінің келініне деген ерекше ықыласын сезе бастайды. Бұл келінін қызындай көрген әкелік ниеті, аталық қамқорлығы деп түсініп, оған көп мән бермейді. Уақыт өте береді. Бір күні денсаулығы сыр беріп, жұмыстан үйге ерте оралған ол, бұлардың бөлмесіндегі төсекте құшақтары айқасып жатқан қосағы мен әкесін көріп, естен тана жаздайды. Содан жанжал, ұрыс-керіс. Ақыр аяғында таныс-тамыры мықты әкесі баласын есі ауысқан деп қаладағы психиатриалық ауруханаға өткізіп тынады. Ал сүйіп қосылған жары әкесі жағына шығып, сатқындық жасайды. "Олар қазір бірге тұрып жатыр, мен сорлының сөзіме ешкім сенбейді, туған-туыс та, дос-жаран да мені түсінгісі келгенімен, қиянатқа қарсы тұра алмауда" деп шырылдайды жас жігіт.
Естеріңізде болар, ұлы Әуезовтың "Абай жолында" Құнанбай Қодар мен Қамқаны елбұзар зинақорлығы үшін өлім жазасына кесіп, қатал үкім орындатады. Сөйтіп, Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне дарға асады… Бұл туралы Тұрсын Жұртбай: " Құнанбайдың мойнына адам құнын арқалатқан, зұлым да қатыгез етіп көрсеткен. Иә, бұл өмірде болған оқиға, жазаны шариғат жолымен жүзеге асырған – Құнанбай. Өте қатал да тосын үкім. Бірақ, жалғыз ұлы өлген соң жесір қалған келінінің қойнына барып, ақыры елсізге алып қашып кетіп, әуейі болған Қодардың қылмысын қалай ақтауға болады? Солардың соңынан ере кетіп, әуейілік құрған бозөкпелер мен бойжеткен қыздарға кім тыйым салады? Атасы мен келінінің арасындағы қасиетті сыйласымдықты зинақорлыққа айналдырған Қодар мен Қамқаға қандай сот кешу береді? Егер мұндай бейбастаққа үкім кеспесе, қазақ жұрты азып-тозып, ар-ұяттан айрылмай ма? Бір елдің тізгінін ұстаған Құнанбай оны билер келесіне салып, ашық сот жүргізіп, жазаға тартуын қандай заң жоққа шығара алады? Бұл – қасиетсіздікке үкім, ұрпаққа ескерту, ұлттың ұятын қорғау. Ел иесі ретінде сондай шешімге барғаны үшін де Құнанбай жазықты ма?
Егер Құнанбай өзінің қатаң қимылы арқылы жастардың жүрегін тітіркендірмесе, дарға асылардың алдында қымсынудың орнына: "Соңғы тілегім – Қодарды бір иіскетіндерші" деп қылымсыған Қамқа сияқты қарлардың көбеймесіне кім кепіл? Ата мен келіннің, әке мен баланың ар-ұятын, қыршында кеткен әруақтың ар-ұятын айғыздатпағаны үшін де Құнанбай жазықты ма? Қарғайтын емес, алғайтын қасиет" – деп жазады. Ал енді, айтыңыздаршы, бүгінгінің Құнанбайы кім?