«Лұқпан хакім мың жасапты»
Лұқпан хакім: "Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Адам сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар:
– төрт уақытта төрт нәрсені: намазда – көңілді, халық арасында – тілді, жеп-ішуде – тамақты, біреудің үйіне барғанда – көзді қорға;
– екі нәрсені: Алланың ұлылығы мен өлетініңді ұмытпа;
– екі нәрсені: біреуге істеген жақсылығыңды, басқаның өзіңе істеген жамандығын ұмыт.
Сонау бір ықылым замандардан жеткен абзал абыздың осы өсиеттері әлі сол күйі мәнді, сол күйі өміршең.
Барып көрсеңіз, мешіттерде, жұма немесе айт күндері намаз-ға жығылған жастардың арасынан "көңіл хошын келтіріп, күллі ағзаларын мамыражай күйге бөлеп, жүрегімен бір Аллаға байланған" жігіт-қыздарды көргенде сүйсініп қаласыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбарак хадис шәріпінде: "Намаз көзімнің нұры", – депті. Намаз оқыған кісі қажылықты өтеген адаммен бірдей көрінеді.
Халық арасындағы тіл құдай сала көрмесін, біздің қазақта абайламаса – сөз сүйектен өтеді, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді, айтылған сөз – атылған оқ еді. Ал енді бүгін тіл киесін елеп жатпайтын болдық. Сондықтан ба, бүгінгі ел аузындағы, жұрт арасындағы сөздің пәтуасы да, дуасы да жоқтай көрінеді. Ғасырлар қойнауындағы Бұхар жырау, кешегі Махамбеттердің динамиттей, детонатордай құдіреті бар қазақтың тілі, бүгінде көбіне халық арасында мысықтың мияуындай, қалыптан шыққан, сүргіленген жылтыр да жалтыл…
Ішіп-жеуден кенде емеспіз. Қостанайдың әр тұрғын үй орамында самсаған азық-түлік дүкені. Химиялық өңделген өнімдерінен, қоспа толған тамақтың, жеңсік астың түр-түрінен көз сүрінеді. Тамаққа сақтығымыз шамалы-ау.
Деніміз сау дейін десек… Қостанайдың әр орамында әр жүз метр сайын түрлі-түсті дәріхана саңырауқұлақтай қаптап кетті.. Емханалар да көбейіп барады. Басыңыз ауырып, балтыры сыздаса қаланың қалаған жердегі емханасына барыңыз да, тіркеліп, қарала беріңіз.
Тәбетімізге тосқауыл боларлық әр жүз метр сайын не бар?..
Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Апырай, десеңізші, тағдырдың кәрі ме, сол бейбақ жеңгеміз ойда жоқ жерде, сүрініп кетіп, қос жанарына ағаштың жаңқасы кіріп зағип болып қалды.
Осы күні қонақ пен тойға барса, нәзік жандылардың көз алмай қызықтайтыны – жұрттың тойға киіп келген қызылы, дастарханның мәзірі.
Алланың ұлылығын алдымен әлемдегі асқан дана, кемеңгерлер мойындаған. Түркі дүниесінде Жүсіп Баласағұн, Махмут Қашқари, Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев өздерінің жүрекжарды туындыларын біссіміл-ла рахман рахимы мен "Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын" деп жазумен бастаған.
Өлім дегенде, Пайғамбарымыз: "Муту қаблә ән тәмуту, яғни өлмей тұрып өліңдер" деп бұйырған. Мұны ислам ғалымдары: "Дүниеде сеніп, иман келтірген нәрселердің бәрі өлгеннен кейін көрінеді. Адам өліп ақиқаттарды көргенінде қандай жағдайда болатын болса, тірі кезінде қандай амалдар жасаған болып өтуін қалайтын болса, қазірден бастап соларды жасауы, өлмей тұрып өлуі дегенді білдіреді." – деп жаз-ған. Дүниенің дүниелік қызығы желіктіргенде, сабыр әдре қалып, ақылдың көзі тұманданады. Асфальт жолдағы заулаған көліктің тізгінін ұстаған пәтшағарлар өлім тұрмақ, өмірді де ұмытып кетеді…
Ал адамның адамдық қасиеті – кісіге істеген жақсылығын ұмытуы. Біреуге қайырымдық көрсетсеңіз бұлдамаңыз, көзін шұқып айтып міндетсімеңіз, есіне түсірмеңіз. Жақсылық жасау – ардың ісі. Ардың ісіне есеп – қисап жүрмейді, ол жүрек қалауы, дейді, өмір даналығы.
Егер біреуден көрген жамандықты ұмытпасаң, кеудеңде кек, өш алсам деген сезімдер бірте-бірте кеулеп, кернейді. Мұндайда ізгілік, қайырымдылық имани қасиеттер ығып, хайуани қасиеттер бой көтере бастайды екен.
Ел арасында "Лұқпан хакім мың жасапты" деген аңыз бар. Осының мәнісін сұрағанда Лұқпан хакім: "Жақсы жандармен дидарласып, сұхбаттасқан сайын жасыма жас қосылады" депті.
Біздің Қостанай өңірінде де жақсы жандар шүкір, баршылық. Бірақ сол "шылық" пен біліктің кемдігінен дидарласудың, шынайы сыйласудың ретін таппай жүретін өзім (із) кінәлі…
Жанұзақ Аязбеков