“Тонап кетті” деп жалған арыз жазған
Арқалық қалалық сотының үкімімен азаматша С. жасалған қылмыс туралы жалған сөз жеткізгені үшін айыпты деп танылды.
Іс материалдары бойынша, азаматша С. отбасылық ортақ ақшаны өз қажетіне жұмсап жібергендігін жасыру мақсатымен Арқалық қаласының ІІБ-не барып белгісіз екі ер адамды жасаған қылмыстары үшін жауапкершілікке тарту туралы арыз жазған. “Жәбірленушінің” сөзінше, бетперде киген екі адам оның үйіне баса кіріп, тапаншамен қорқытып, үйде жасырылған 3 млн. теңгеге жуық қаражатты алып кеткен. Арыз жазу кезінде азаматшаға жалған ақпарат үшін қылмыстық кодекстің 351 бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындығы туралы да ескертілген.
Осылайша, жалған сөйлегені үшін айыпты деп танылған айлакер әйелге соттың үкімімен ҚР ҚК 63 бабын қолдану арқылы 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Алайда, сот үкімімен келіспеген сотталушы апелляциялық шағымымен Қостанай облыстық сотына жүгінген. Алқа қаулысымен Арқалық қалалық сотының үкімі өзгертілді. ҚР ҚК 71 бабы 1 бөлімі 2 тармағы негізінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты азаматша С. қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Өйткені, бұл қылмыстық әрекеттің жасалғанына екі жылдан астам уақыт өткен.
Қарлығаш ОСПАНОВА