Сарыкөлдік оқушылардың саяхаты
Жақында сарыкөлдік оқушылар облыс орталығындағы бір топ кәсіпорындарға саяхат жасады. Бұл игі бастамаға аудандық білім бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болды.
Сарыкөл ауданынан барған 20 оқушы алдымен, «Большевичка» киім өндіру зауытын аралады. Оларға мұнда өндірістің қыр-сыры түсіндіріліп, бас-аяғы 90 адам еңбек ететін цехтің шығаратын өнімдері мен ондағы заманауи құрал-жабдықтар көрсетілді. Цех шебері өз жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ол өз сөзінде, жұмысқа кәсіби мамандықсыз келуге болатынын, себебі зауытта өз ісіне оқытатын арнайы курстар бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ең бастысы – оқуға деген ынта болуы керектігін қадап айтты.
Ал келесі бағыт «Алтын Нан» ЖШС-не бағытталды. Бұл мекеме аты айтып тұрғандай, нан өнімдерін пісірумен айналысады. Тұрақты тұтынушылары да көп. Бұл жерде балалар нан өнімдерінің қалай жасалатынын, ол үшін қандай жабдықтардың көмегі аса қажет екенін өз көздерімен көрді. Өнім өндірушілер атынан сыйылықтарға ие болып, ерекше әсер алды.
Келесі кезек «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерінің біліктілікті артыру бойынша сараптау сыныбына және мұражайға саяхат жасаумен жалғасты. Мұнда да оқушылар тек телекоммуникация жүйесі жұмысын көріп қана қойған жоқ, ондағы заманауи озық технологиямен танысты. Әсіресе, видео-телефон аппараты, заманауи теледидарлар жүйесін аса қызығушылықпен қарады.
Сондай-ақ, маңызды саяхаттың соңы – «Жеңіс» паркін аралаумен аяқталды. Балалар экспонаттарды, әскери техникаларды тамашалап, сұрапыл соғыс кезінде қыршын кеткен боздақтарға тағзым етіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жалпы, сарыкөлдік оқушылар үшін бұл саяхат керемет сәттерге толы болды. Болашақта мамандық таңдауда да оның тигізер септігі зор.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.