Марста ауыз су бар ма?
Шынымен де Марс планетасында ауыз су бар ма екен? Бұл сауалға суреттегі Наргиз Нариман жауап іздеп көріпті.
Жай ғана жауап іздемей бұл тақырып аясында ғылыми жұмыс жазып, халықаралық олимпиадада үздік қорғап шықты. Олимпиада оқушылар арасында Байқоңыр жерінде өткен еді. Оған шет елден және еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ге жуық оқушы қатысты. Қарабалық ауданындағы №3 мектепте білім алатын Наргиз де сыннан өтпекші болды.
Әрине, мұндай байқауға қатысудың өзі үлкен мәртебе. Бірақ Наргиз жанжақты дайындалды. Жеңіп шығам деген үміт бар болғанымен қорқыныш та бар. Мұғалімдері, әкесі Нариман Төлепов көмектесті, қолдады. Басты сұраққа Марста ауа құрамынан су алуға болатынын барынша дәлелдеді. Талапшыл қыз Марс планетасының макетін де жасап, ғылыми жұмысын үздік қорғап шықты. Ал бұл дегеніміз ҰБТ сынағынан босатылып, кез келген оқу орнына грантты ұтып алу. Міне, өзінің қажырлы еңбегінің арқасында Наргиз бар үмітті ақтап шықты. Биыл мектепті Алтын белгіге аяқтағалы отыр.
Ендігі арманы нанотехнология саласын дамытқысы келеді. Осы бағытта білім алуды мақсат етсе де мұндай бағыттағы оқу орны біздің елімізде жоқ екен. 8 сыныптан бастап ғылымға ден қой-ған Наргиздің бұл жалғыз жетістігі емес. Оның қанжығасында мұндай жеңістердің бірнешеуі бар.
– Болашаққа деген жоспарым көп. Осы жолдан таймай, ғылым-ға ден қойсам деген арманым бар. Осы жолда маған көп көмегін берген ата-анама, ұстаздарыма мың алғыс. Келешекте елімнің дамуына үлесімді қоссам деймін, – дейді Наргиз.