Жампоздың жары
Гүлсара Мамажан – 75 жаста!
1989 жылы Қостанайға сол кездегі мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры болып келген Зұлқарнай Алдамжарұлының білім сапасын арттыра отырып, көп ұзамай оқу орнына орталықтан екі бірдей ғимарат, ал институтқа университет дәрежесін алып бергені көптің есінде. Мемлекеттік университеттің Ахмет Байтұрсынұлының атын иеленуі, оқу ордасының алдына ұлы Ахаңның еңселі ескерткішінің орнатылуы да – академик Зұлқарнай Алдамжар еңбегі екенін ел қайдан ұмытсын. Мемлекеттік университет ректоры қызметін атқарып жүрген уақытында академик еліміздің Жоғарғы Кеңесінде депутат мандатына ие болды. 1998 жылы Қостанай әлеуметтік академиясының негізін қалап, тағы да мыңдаған шәкірттің ұстазы бола білген Зәкеңнің (ел Зұлқарнай Алдамжардың атын атамай, Зәке дейтін – автор) ғұмыры ұзақ болмады 2005 жылы көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің негізін қалаған Зұлқарнай Алдамжар өмірден өтсе де, оның игі ісін, ізгілік жолын жалғастырушылар баршылық.
Зұлқарнай мен Гүлсара – ажырамас ұғым
Бүгін көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерінің бар саналы ғұмырында қасынан табыла білген ардақты жар, аяулы ана, білікті ұстаз, тәжірибелі басшы, академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің құрылтайшысы, профессор Гүлсара Мамажан жайында сөз қозғамақпыз. Тақырыбымызға "Зұлқарнай мен Гүлсара – ажырамас ұғым" деп бекер атау қойған жоқпыз. Асқаралы 75 жасқа келіп отырса да, Гүлсара Шолпанбайқызының әңгіме басын "Зәке" деп бастайтынынан тәрбиеге, отбасындағы құндылыққа, адалдыққа көп мән беретінін аңғардық. Ал, Гүлсара Мамажанды Зұлқарнай Алдамжарсыз елестетудің өзі мүмкін емес. Ғалым ағаның қаншама жылғы ғылым-ға, қоғамға қосқан еңбегін паш ету кезінде жанынан бір елі ұзамаған Гүлсара апай жастық шағына көз жүгіртті. Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданы Текес ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз әкесі Шолпанбай мен анасы Күлсіннің еркесі болып өсті. Әкесі соғысқа қатысқан майдангер, ұрыс даласында минаметші болған екен. Үлкен шайқаста бір көз, бір жақ, бір құлақтан айырылып, елге ауыр жараланып келіпті. Бертін жетпіске келіп дүние салған. Ал бес бала тәрбиелеп өсірген Күлсін анасы үй шаруасындағы адам болған. Гүлсара апай мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына қабылданған күнді есінен шығарған емес: – 1957 жылы Кеген орта мектебін тәмамдадым. Әке-шешеме Алматыға оқуға тапсыруға баратынымды айттым. Алдымен Қазақ қыздар педагогикалық институтының география факультетіне емтихан тапсырайын деп келсем, үміткерлер өте көп екен. Қарап тұрмай, басқа мамандықтарды іздей бастадым. Не керек, сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетіне емтихан тапсырып, сонда қабылдандым. Сол кезде тарихшы мамандығы үшін алғаш қазақ бөлімінің ашылған кезі еді. Бір топта 25 бала оқимыз. Арасында Зәкеңнің бар екенін кейін білдім. Себебі, басшылық бізді оқу басталғанда он күн демалдырып алды да, Ақмола облысына тың игеру жұмыстарына әкелді. Ол кезде жұмыс күші жетіспейді. Далада вагондар қойылған, күркелерде жаттық. Бізді пойыздан жүк машинасы күтіп алды. Зәкеңді оқуға түскелі сол жүк машинада бір-ақ көрдім. Сол таныстықтан бес жыл бойы жұбымыз жазылмай бірге жүрдік.
Жайықтың аймаңдай келіні
1962 жылы Гүлсара Шолпанбайқызы Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетін тәмамдады. Сол заманның талабы бойынша оқу бітіргендер жолдамамен әр жаққа жіберіледі. Ал Зұлқарнай мен Гүлсара облыстарға кетіп қалмас үшін некеге отырады. – Зәкеңнің Қазақ КСР тарихынан сабақ берген Қажым деген жездесі бар еді. Сол кісі студенттерді жолдамамен әр облыстарға бөліп жатқанда, "Гүлсара тұрмысқа шығып, Атырауға барады" деді. Ағайдың сол сөзінен кейін комиссия мені Атырауға бөлді. Анам менің тұрмысқа шығуыма қарсы болған жоқ. Тек "алысқа бара жатырсың" деп қана айтты. Мына бір қызықты айтайын, біз екінші курста оқып жүргенде, шешем Алматыға ауруханаға емделуге келген болатын. Сол кезде Зәкең шешеммен танысып алыпты. Келесі күні шешем менен "ана бір бала өте тәрбиелі, өнегелі бала екен" деп мақтады. Ұнатып қалған ғой. Анам ауруханадан шығып, үйге барып үлгерген жоқ – артынша Зәкеңнің әкесі, Саламат ағасы, Қажым жездесі біздің ауылға құда түсіп барыпты. Ал диплом алған соң Зәкең екеуіміз пәтер жалдап, бес жыл бірге оқыған топтас, достарымызға дастарқан жасадық. Арасында Зәкеңнің туыстары да болды, бір шағын той жасап тастадық. Алматыдан шығып, Кегенге барып, үш аптадай болдық та, пойызға мініп Атырауға келдік. Бастапқыда Атырау қаласында мектепте жарты жүктемемен жұмыс істеп жүрген Гүлсара Шолпанбайқызы кейін облыстық мұрағатқа аға ғылыми қызметкер болып орналасады. Ал 1967 жылдан 21 жыл бойы сол мемлекеттік мекемені басқарып келді. Жанұя Бибігүл, Гүлзада, Жанна есімді қыз балалармен толықты. Барлығы да жоғары білім алды, қызметтерге орналасты. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры қызметін атқарып жүрген Зұлқарнай Алдамжар 1989 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ – автор) ректор болып ауысып келгенде, Гүлсара Шолпанбайқызы облыстық атқару комитетіне аудармашылық қызметке тұрып, сол жұмысты абыроймен атқарып жүріп, зейнетке шықты. Бастапқыда Гүлсара Шолпанбайқызына Қостанай облыстық мұрағатының директоры лауазымына ұсыныс болған екен, бірақ одан өзі бас тартады. Сол күндерді есіне алған мерейтой иесі жанұяда үй шаруашылығымен айналысып отырғанды жөн санадым дейді: – Үлкен қызметті жиырма жылдан астам басқарғаным жарайды, ендігі уақытта біраз демалайын дедім. Бір жағы отбасымызға қонақ көп келеді. Зәкең небір игі жақсылармен таныс болды, дос болды, солардың қамы бар.
Алаш байрағы көтерілген өлкеде
Алдамжар отбасы астықты аймағымыз-ға келген уақытты жаңа дәуір мен үлкен науқанның басталуы деп біледі. Академик Зұлқарнай Алдамжарұлы оқу орны ректоры болып бастаған қызметінде тек білім сапасын арттыруға көңіл бөлген жоқ, қоғамдық, мемлекеттік істердің ортасынан табылып, сын сағаттарда ауыртпалықтарды жеңе білген нағыз тұлға екенін көрсетті дейді Гүлсара апай: – Киелі Қостанай өңіріне алғаш аяқ бас-қанда, ерекше толқыныста болдық. Бұл жерде танысымыз жоқ. Бір жағы, келген ортамыз орысшалау, содан жатырқағанымыз бар. Бірақ орыс тіліне де жүйрік Зәкеңнің кез келген адаммен тез тіл табысып кететін ерекшелігі бар емес пе, азғана уақыттың ішінде небір сыйлы азаматтармен, игі жақсылармен аралас-құралас, дәмдес бола бастадық. Ал өзім қызметке келген облыстық атқару комитетінде қазақ тілінде сөйлесу былай тұрсын, сәлемдесудің өзі мұң болатын. Сол кезде менімен тек сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы, өңірдің құрметті азаматы Кенжекең (Кенжебек Үкин – автор) мен қызметтес аудармашылар ғана "сәлеметсіз бе" деп амандасатын еді. Қазір заман әжептәуір өзгеріп, қазақылыққа бетіміз біршама бұрылып қалды ғой.
Ертеңгі күн – бүгінгі күннің жемісті еңбегі
1998 жылы Қостанай әлеуметтік академиясы болып құрылған жаңа оқу орны бастапқыда қала орталығындағы төрт қабатты ғимаратта білім алып келсе, келешекте шәкірт саны мен материалдық-техникалық базаның артатынына нық сенген рухы биік Зұлқарнай Алдамжардай азамат аз уақыттың ішінде өзінің іскерлігі мен табандылығын тағы да мойындатты. Қайраткер өзі негізін салған білім ошағының аз уақыттың ішінде әлеуметтік-техникалық университет деңгейіне жетіп, мемлекеттік оқу орындарымен терезесі тең дәрежеде бәсекелес бола алатынын ісімен дәлелдеді. Ал жаңа ғасырдың ал-ғашқы жылдарында Қостанайдың КСК шағын ауданындағы бос тұрған ғимараттар күннен күнге бірінен соң бірі бой түзей бастағанын қайдан ұмытамыз. Бұған дейін осы аудандағы есік-терезелері жоқ бұ-рынғы мауыты-шұға комбинаты, "Текстильщик" мәдениет үйі мен бірқатар әлеуметтік-тұрғын үй құрылыс нысандары адам көргісіз жағдайда тұрды емес пе. Міне, сол ғимараттарды қалпына келтіріп, іске жарату қанша жерден тәуекелге барған адамның қолынан да келмеген болар еді. Бірақ айналдырған бір-екі жылдың ішінде қаңырап бос тұрған нысандар бастан-аяқ күрделі жөндеуден өтіп, алдымен Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің бас ғимараты, студенттер сарайы, жатақхана үйлері болып адам танымастай өзгерді. Бұл – өңірімізге жаңа перспективаларды, соның ішінде бәсекеге төтеп бере алатын білім ордасын өмірге әкелген академик Зұлқарнай Алдамжардың қажырлы еңбегінің арқасы болатын. Университет президенті осындай шешуші сәттерде алдымен Алланың, одан кейін өмірлік қосағы Гүлсараның қолдауына ие болды: – Жұмыс шаш етектен. Үлкен-үлкен ғимараттарға жөндеу жасау керек, Зәкең күні-түні соларды бақылап отырады. Қаншама құжаттандыру жұмыстары бар. Осындай кездерде мен ол кісіні аяймын. Оның үстіне, жазудан қолы босамады. Күндіз жұмыстан шаршап келіп, кешкісін жазу үстеліне отыра қалған кезде мен қажет кітаптарын, материалдарын табуға көмектесем. Екіншіден, Зәкең бір шешім қабылдар кезде әбден ойланып, соны жетілдіріп алып барып кірісетін. Сондай істері туралы алдымен бөлісетін. Маған "мен осылай бір шаруа бастасам ба деп едім" деп қана айтады. Білесіздер, қыздарымыз да әкелерінің қолғанаты бола білді. Сондай-ақ, өз басым Зәкеңнің бастамасын аяқсыз қалдырмай, ол кісіге үлкен демеу-ші болған университет басшылығы мен құрамына алғыс қана айтамын. Соның арқасында ғалымның ісі тап-тұйнақтай орындалып отырды
Ғалымның есімі үлкен көшеге лайық
Білікті ұстаздың білім мен ғылымға қосқан өлшеусіз қызметі еш кетпеді – 2004 жылы Женевада (Швейцария) өткен "Іскерлік тәжірибедегі жоғары сапа үшін" халықаралық форумында Қостанай әлеу-меттік-техникалық университеті алтын медальге ие болды. Академик азғана ғұмырында өңіріміздің, республикамыздың білім саласына осыншама еңбегін арнады. Өзі дүниеден өткеннен кейін, Қостанай әлеуметтік-техникалық университетіне ғалымның аты берілді. Қазіргі таңда аймағымызға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танылған университеттің болашағы зор. Ресейдің Урал мемлекеттік-техникалық университетімен халықаралық консорциум құрған оқу ордасының ғылыми, материалдық-техникалық әлеуеті арт-ты. Ал Мәскеу мен Петербор да академик атындағы білім ордасын жоғары деңгейде бағалап отыр. Бүгінгі күні Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің Қазақстан, Ресей, басқа да алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен байланысы, қарым-қатынасы бұрынғыдан да кеңейе түсті. – Зәкең екеуіміздің қыздарымыз қазір ғалым әкесінің қолымен көтеріп кеткен білім ордасында қызмет етуде. Бибігүл – университет президенті, ал Гүлзада – проректор. Өкінішімізге қарай, кенжеміз Жанна 2003 жылы дүниеден өтті. Бұл отбасымыз үшін орны толмас қаза болды. Ал араға екі жыл салып Зәкеңнен айырылғанда, есеңгіреп қалдық, денсаулыққа қатты әсер етті. Ендігі мақсатымыз – Зәкеңнің есімін мәңгілікке қалдыру. Марқұмға Герцен көшесі сұранып-ақ тұр. Осы бір іс билік тарапынан қолдау таппай отыр. Зәкеңнің есімін ұрпақтар есінде қалдыру мақсатында қайраткердің атына Герцен көшесін беруін үкімет орындарынан сұрап жүрміз, – деп сөзін аяқтады Гүлсара Шолпанбайқызы. Кейіпкеріміз бұл мәселе туралы ел алдында жүрген азаматтардың әлі де ойланатынына сенімді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.