Тіл білгірлері сынға түсті
Қамысты ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-де қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша білімдерін анықтау мақсатында «Тілдарын-2015» байқауын өткізді. Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті азаматтарды анықтау және қолдау. Тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Бірінші, таныстыру кезеңінде қатысушылар үш тілде алдын ала дайындалған слайд арқылы өздерін таныстырды. Екінші кезеңде тематикалық сөздік бойынша карташаларға жауап берді. Үшінші тапсырмада жұмбақтарды ағылшынша шешіп, шешімін орыс, қазақ тілдеріне аударды. Төртінші кезеңде орыс тіліне қатысты тапсырмалар болды. Соңғы бесінші кезеңде қатысушылар ағылшынша суретті сипаттап берді. Әділқазылардың ұйғарымы бойынша, І орынды Татьяна Бауэр (Алтынсарин орта мектебінің бастауыш сыныптарының мұғалімі), ІІ орынды Күзембаева Ләззат (Алтынсарин орта мектебінің бастауыш сыныптарының мұғалімі), ІІІ орынды Биртазина Шынар (Ветеринария бөлімі) иеленді. Жеңімпаздар диплом және сыйлықтармен марапатталды.