Әже (Мөлтек сыр)

АжеӘжем мені "құлдығым, айналып кетейін, ботақаным" дейді. Қашан барсам да алдымнан шығып, маңдайымнан сүйеді. Әжемнің осынау мейірімін ақтай алар ма екенмін…
Демалысқа шыға салысымен әжемнің үйіне тартып кеттім. Ол кісі кенже ұлының қолында, Астана маңындағы шағын ауылда тұрады. Ауыл Елордаға тиіп тұр демесеңіз, жайнап тұрған түгі жоқ. Біздегі көп елді мекеннің бірі. Үйге келіп тұрған суы мен газы жоқ. Қалаға жақын деген аты ғана. Жә, ауылды қойшы, әжемді айтсаңызшы. Немересі келеді дегенді ести сала әбігерге түсіпті. Балаларын екі аяқтан тік тұрғызып дайындықты бастаған. Мен ұнататын балқаймақ пен жентті әзірлеп қойыпты.
Әжемнің есімі – Мақтагүл. Құжатта солай жазылған. Бірақ біздер Мақтан әже дейміз. Жасы жетпістің үшеуінен асқан. Ол кісінің әңгімесін естісеңіз таңдай қағасыз. Мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде кітап оқығандай боласыз. Әнді де тамаша айтады. Ауылдағы әжелер отырысын жайнатып жібереді ғой. Міне, бұл менің Мақтан әжем. Ең ғажабы көзі көрмесе де бізді дауысымыздан таниды.
Әжемнің жанары солғалы қашан… Мен ес білгелі ол айналасын көрмейді. Қара  түнекте өмір сүріп келе жатқанына 15 жылдан асыпты. Әжемнің не үшін көрмей қалғанын, уақытында неге емделмегенін білмей-мін. Сұраған да емес-пін, білуге құмарт-  падым да. Себебі, ескі жараның орнын тырнағым келмейді.
– Әже, сіз менің түрімді білесіз бе?" деп сұрағанымда.
– Құлдығым-ау, әрине білемін. Төрт жасқа толған шағыңды көрдім ғой, – деп жауап бергені бар.
 Иә, әжем менің түр-келбетімді біледі, дауысымды да таниды. Бірақ, қазір есейдім ғой…
 Кешкі астан соң төргі бөлмеге қаз-қатар тізілген төсек салынды. Жоғары жақта әжем, одан кейін мен, ары қарай кете береді. Мен қыдырып бар-ған сайын әжемнің қойнына жатамын. Бала күнімнен қалған әдет қой.
Бөлме ішінде өлі тыныштық орнады. Балалардың пысылдап демал-ған дыбыстары естіледі. Әжем ояу жатыр ма екен, әңгімеге тартсам қалай болады? Ол кісінің ұйқысы сергек еді ғой. Кейде таңға дейін көз ілмей елегізіп жататынын өзі  айтқан. Адамның жасы келген сайын ұйқысы да азаяды дейді ғой. 
Менің әжем алтын кісі. Осы уақытқа дейін отыз күн оразасын бұзбаған адам. Бір кесе сумен аузын ашатын. Сондай сәттері үйдегі кішілер жинала қалып, әжемнің ұрттаған кесесінен су ішетінбіз. Бір кесе қара суды таласа-тармаса ұрттаймыз. Сол кезде алақандай кеседегі судың дәмі өзгеше, тым тәтті болып көрінетін.
– Әже, әже, ояу жатырсыз ба?
 – Әже…
–  Құлдығым-ау, не болды? Ұйықтамадың ба?
– Әже, әңгіме айтыңызшы.
–  Не айтайын. Өзің де ақыл тоқтатар жасқа келдің. Студентсің. Оқуыңды жақсы оқы. Ақылыңа, біліміңе, жүрегіңе сен. Басқа ешкімнің жаны ашымайды. Қазір заман басқа, заң басқа. Адамдар да өзгерген. Әркім өзінің қарақан басының қамын ойлайды. Ішсем, жесем деген пендешілік ой адамгершіліктен озық тұр ғой.
Соңғы уақыттары әжем осы ойды жиі қайталайтын болыпты. Тіпті жаттап алуға айналдым.
…Әжем неге зағип болып қалды екен? Неге уақытылы емделмеді? Бәлкім, өзі айтатын қатыгез заман, қатал адамдарды көргісі келмеген шығар…
Қымбат Досжанова.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓