Жастар саясатын жандандырмақ керек
Биыл Қостанай облысында жастар саясатын дамытуға 137 млн. 409 мың теңге бөлінген. Бұл өткен жылдағыдан 20 млн. теңгеге артық.
Бөлінген қаржының 75 млн. 458 мың теңгесі – облыстық қазынадан, 61 млн. 951 мыңы – қалалар мен аудандар бюджетінен.
-Егер өткен жылы жастар саясатын қаржыландыру сомасы 115 млн. 968 мың теңгені құраған болса, биыл айтарлықтай ұлғайып отыр. Оның ішінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру бойынша 39 млн. 673 мың теңге бөлінген-ді. Облыстың жыл сайынғы «Қазақстан жастары-2014» ұлттық баяндамасы бойынша, 16 аймақ ішінен 13-ші орынға табан тіреген болатын,-дейді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың жетекшісі К.Әлімжанов.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, облыс көлемінде жастар саясатын қаржыландыру жөнінен кенжелеп келе жатқан өңірлер қатарында Амангелді (330 мың теңге), Әулиекөл (400 мың теңге) және Жітіқара (638 мың теңге) аудандары тұр. Ал, керісінше, көш бастап тұрғандар тізімінен Таран (6 млн. 96 мың теңге), Қарасу (6 млн. 228 мың теңге) және Қостанай (5 млн. 188 мың теңге) аудандары көрінді.
Биылғы қаржыландыру ауқымының ұлғаюына жастар бастамалар орталықтарының меншікті коммуналдық мемлекеттік мекеме формасында ашылуы ықпал еткені айтылып отыр. Облыста қазіргі таңда 19 жастар бастамалар орталығы жұмыс істейді. Солардың 11-і – КММ түрінде.
Ішкі саясат басқармасының айтуынша, бүгіндері Жітіқара ауданында жастар бастамалар орталығын ашу мәселелері қарастырылып жатыр. Мақсат белгілі: шеткері елді мекендерде тұратын әрбір жасқа үн жеткізе алу, ортаға қосу. Оның орындалуына облыстың әр аудан-қалаларында құрылатын ресурстық орталықтар дәнекер бола алмақ.
Ж.Балғынбекұлы