Жарқыра, Гауһар!
Әлемдік деңгейде жұлдызы жарқырап жүрген қазақстандық жастар жетіп-артылады. Олардың жеңістерін көбейтін, жемістерін еселегенін естіп, ел болып қуанып жүрміз. Міне, сондай маңдайы жарық өнерлі өреніміздің бірі – қазыналы Торғайдан шыққан Гауһар Рүстемқызы. Оның бүгінге дейін бағындырған белесі, алған асуы көп.
Атына заты сай Гауһар 18 жаста. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Шет тілдері» мамандығы бойынша гранттық негізді білім алып жүр. Өнерге деген талпынысы 3 жасынан басталған ол, облыстық, республикалық сахналарда би билеп, ән айтып, тіпті жас ақындар байқауына қалмай қатысты. Айталық, Оралхан Бөкейхан шығармаларын мәнерлеп оқу, «Абай оқулары», «Мағжан оқулары» бойынша көркемсөз оқушылардың облыстық байқауында сан мәрте жеңімпаз атанды, облыстық «Жарқын болашақ» жеке әншілер байқауын да бағындырды. Одан кейін XIV «Алтын микрофон» Халықаралық балалар байқауының І дәрежелі лауреаты атанды. Алматы қаласында өткен ХVIII «Бозторғай» Халықаралық балалар шығармашылығы конкурсының І дәрежелі лауреаты атағына лайықты болғанын да айта кету керек.
Гауһардың шығармашылық өміріндегі ең жарқын жетістіктері мұнымен аяқталған жоқ. 2017 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен «Жұлдыздарға жол» Халықаралық байқауының Гран Приін иеленді. Бұл айтулы байқауға 12 елден (Португалия, Эстония, Мальта, Болгария, Латвия, Литва, Ресей және т.б.) 100-ден астам үміткер қатысқан еді. Қазылық жасаған әлемдік музыканттар марапаттау рәсімінде Гауһарымызға Болгария, Мальта, Эстония, Португалия елдерінде өтетін халықаралық байқауларға ресми шақыру қағаздарын берді.
Міне, сол ресми шақырулар негізінде, Гауһар үстіміздегі жылдың 26-30 қыркүйегі аралығында Эстония Республикасының Пярну қаласында өткен IX «Алтын жапырақша» халықаралық балалар мен жастар шығармашылығының байқау-фестиваліне қатысып қайтты. Оған 9 елден (Эстония, Ресей, Португалия, Италия, Польша, Латвия, Литва, Финляндия, Қазақстан) 100-ден астам қатысушы келді. Қазақстан намысын арқалап барған қаршадай қыз бұл жолы да мықтылығын әлем алдында мәлім етті. Байқау 3 айналымнан тұрды, бірінші кезең қорытындысы бойынша 37 қатысушы, соның ішінде Гауһардың жасы санатындағы 7 адам әрі қарай өздерінің бақтарын сынауға жіберілді. Екінші турда капеллалық, яғни музыкалық сүйемелдеусіз жанды дауыспен ән айту керек-тін. Сонымен, өзінің ана тіліндегі композициясын ортаға салған Гауһар халықаралық қазылардың шешімімен І орынға ие болып, ақтық кезеңге өтті.
Гауһардың репертуарында екі шығарма болды, олардың бірі – «Да, ты прекрасна!» атты французша ән және қазақ тіліндегі «Мұны неге білмейсің?» әні. Әлемдік дәрежедегі музыка оқытушылары, продюсерлер, әр елдің студиялық орталықтарының директорлары бір ауыздан Гауһардың ерекше дауысына және бөлекше дарынына тәні болды. Таңдап алған шығармалырының күрделілігін және сахналық мәдениетке сай келетінін атап көрсетті.
Байқау барысында үнемі Гауһардың жанынан табылған анасы Алмагүл Нұртазина моральдық қолдау көрсеткені үшін Лисаков қаласының әкімдігіне зор аналық алғысын білдіреді. Сондай-ақ, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтың Гауһарға А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ қорынан ақшалай қаражат бөлуге ықпал етіп, материалдық көмек көрсеткенін де разылықпен айтып, алғысын жолдады.
Оның сыртында, ҚР қоғам қайраткері, белгілі меценат әрі Гауһардың атасы Сапар Ысқақов ерекше қолдау жасаған.
Өнердегі жетістіктері үшін дара дарын иесінің есімі Лисаков қаласының «Алтын жастар-2017» кітабына енгенін де айта кеткен жөн. Оның әлі де әлем назарына ілігіп, ән әуесінде қалықтай береріне кәміл сенеміз!
Алға, Гауһар!