ҰТТЫҚ ПА, ҰТЫЛДЫҚ ПА?

Құдайы көршіміздің кейбір саясаттанушылары қазақ елін арамтамаққа теңеп отыр. Ресей Федерациясының қауіпсіздік кеңесінің мүшесі, «Экономиканың жоғарғы мектебі» Ұлттық зерттеу институтының лауазымды тұлғалары, Кедендік одақ құрамындағы Беларуссия мен Қазақстанды ресейліктердің арқасында күнелтуде деген ақпарат танытты. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында білім ордасының өкілі Андрей Сузальцев есімді саясаттанушы үштіктің басын біріктірген одақтың жағымды және жағымсыз жақтарын өзінше талдап берген еді. Сәуегейдің сандырағына сүйенсек,  үш елдің арасындағы шекаралық шектеу жойылғалы, Ресейдің екі жағындағы елдер бұған дейін контрабандалық жолмен тасыған тауарларын өздеріне еркін енгізіп жатыр. Осылайша, орыс халқын өз тауарынан айырып, қазақ пен беларусстықтарды байытуда.
Алпауыт елдердің  экономикалық шектеуіне тап болған Ресейдің жауап есебінде,  батыстан тасылатын азық-түлік пен тауарлардың шекара сызығын басып өтуіне тиым салғаны белгілі.  Беларусстықтар мұны да жақсы пайдаланып жатыр-мыс. Лукашенконың бастамасымен бірнеше фирмалар құрылып, қара тізімге іліккен тауарлардың қаптамасын ауыстырып, Ресейге жіберумен шұғылданады. Осыдан қыруар қаржы тауып жатқан көрінеді.уттык па утылды па
Қазақстандықтарға да дәл осындай айып тағылуда. Бұл жақтан да, Қытайдың арзан әрі сапасыз өнімдері ресейлік кәсіпкерлердің қолын шырмап тастапты. «Ал, өздері (Қазақстан) Ресейдің сапалы тауарын Қытайға өткізіп, пайда тауып отыр» – дейді ол.  Енді бір сөзінде «өздерінің сапасыз тауарын Ресейге өткізіп, сырттан тасылатын тауарға түрлі себептермен шектеу қойып жатыр» – деген айып тағады.
Осы тектес уәж келтірген ресейлік саясаткер бірде бір нақты себепті, дәйекті келтірмеген.  Барлығы да сырттай долбарланып, тон пішумен шектелген. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында, еліміздің статистикалық мәліметтеріне жүгінелік. Соңғы сегіз айдың көрсеткішіне сүйенсек, тауар айналымы мен сауда саттық жағынан Кедендік одақтың пайдасын көрші елдің көріп отырғаны анық аңғарылады.
Батыс елдерінің қаржылық қыспағында қалған Ресейдің ішкі нарығы мен екі көршісінен өзге тұтынушысы қалмады. Беларуссияны айтпағанның өзінде тек, Қазақстанға ғана 8 айдың көлемінде 7 млрд. 14 млн. АҚШ долларының тауар, қызметі ұсынылған. Ал, біздің жақтан көрсетілген қызмет пен ұсынылған тауардың құны 3 млрд. 62,3 млн. доллар шамасында. Осыдан қарап-ақ, көршіміздің қазақтардан пайда тауып жатқанын аңғару қиын емес.
Әрине, жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысының салдарынан екіжақты қарым-қатынастың төмендегені жасырын емес. 2015 жылы  қазақстандық экспорт 28,8 пайызға, импорт көлемі 20,5 пайызға кеміді. Осыған қарамастан, Челябі облысының қазақ елімен қарым-қатынасы жылына 2 млрд. АҚШ долларына жеткен. Тауарының басым бөлігін Тобыл өңіріне жіберіп жатқан ресейліктер көрсеткішті 1,5 есеге дейін ұлғайтуды жоспарлапты.  Олардың пайымдауынша, мұндай байланыс рубльдің құнын айтарлықтай  көтеруі тиіс.
Онсыз да, екі ел арасындағы шекара ашылғалы  облысымыздағы ғылыми зерттеу орталықтарынан шығарылатын жоғары сұрыпты, климаттық қысымға төзімді, дегдарлы дәнді-дақыл көршімізге тиімді бағамен жөнелтілуде. Өз кезегінде, қазақстандықтар Ресейде өсірілетін асыл тұқымды қара малға қызығушылық танытқан. Сондай-ақ, Челябі облысындағы көкөніс өсіруге арналған жабық кешендердің өнімдері де қостанайлықтардың көңілінен шығып жатыр. Осыны ескерген челябілік «Чурилово» компаниясы «Тобыл» ӘКК  инвестициялық келісім-шарт жасаған еді. Нәтижесінде, ресейлік компания қазақстандықтарды өз өнімімен осы арадан-ақ қамтамасыз ететін болады. Бұдан өзге, челябіліктер май өндіру зауытын тұрғызуды ойластыруда. Өндіріс ошағына жыл сайын қажетті 300 мың тонна шикізатты Қостанай облысынан алдырту жоспарланған. Өндірілген өнімнің өзімізге қайтарылатынын ескерсек, пайданың көршілерімізге бұйырары сөзсіз.
Өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін, отандық тауар мен қызметке көңіл бөлу қажет. Бұл бағыт –  Үкімет, жергілікті биліктің назарынан тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлікті қолдаудан –  Қостанай облысы да кенде емес. Бизнес өкілдеріне тауарының сапасын жақсартып, қызметін күшейтуден өзге тірлік қалмады. Сонда ғана, қарапайым тұтынушы көршіміздің арзан тауарына көз алартпай, арзан өнімді өзімізден-ақ алар еді. Ұтылғанымыздан, ұтарымыз да көп болар еді…
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓