Қасиетті төмпешік жаныма шипа болды

Мен Әулиекөл ауданының Қаймақкөл ауылында тұрамын. Осы ауылға көшіп келгенімізге де біраз жылдың жүзі болды. Қыздарымызды ұзатқан біздер үшін құтты мекен болды. Өзім мектепте мұғаліммін. Менің айтайын дегенім, мүмкін біреулер үшін қызық әрі пайдасы да болар.төмпешік
Жақында бар денем құрысып, шаншып қатты ауырдым. Сезіп жүрмін, бұл ауру жай емес. Жасырып қайтейін, қатты қорықтым. Бұрылып есікті өзім жабуға да жарамай қалдым. Өстіп жүргенім-де біреулерден Аманқарағай ауылының маңында қасиетті төмпешік бар екенін естідім. Адам ауырғанда дертіне емнің жолын іздейді. Неге болса да сеніп барады. Жолдасымды ертіп алып, сол жерді іздеп бардық. Жұрттың айтуы бойынша жерді іздеп, бір сағат жүрдік. Біраз адастық. Сөйтсек, Аманқарағайдың Бангладеш деп атап кеткен аумағы бар екен. Сол жерден тауып алдық. Темір жолдың бойында орналасқан.
Біз  барған шақта сол маңай толған машина. Кем дегенде 5-6 отбасы жүр. Әрбіреуі әр жерде домалап-домалап жатыр. Бірінші күні ештеңе біле қоймаймыз, мен де көптің бірі болып, бір жерге жантая кеттім. Бір сағаттай жаттым. Шынымды айтайын, сол күннен-ақ маған ұнады. Денем жеңілдеп, көңіл-күйім көтерілгенін сездім. Осылай біз бес күн қатарынан бардық. Мүмкін менің сөзіме біреулер сенбес, осы аурудан айықтым. Шүкір деймін. Ауруханаға да қаралып жүргенмін, олар қалай тез жазылдыңыз деп жатыр.
Бұл  жерге  сонау  Ресейден де келіп жатқандар бар. Күннің суықтығына қарамастан келіп, жерге жатады. Әлгі жерді магниттелген дейді. Өзіңіз темір ұстасаңыз сезіліп тұрады. Жердің астында бір қасиетті күш бар екені рас. Бір жақыныма да айтқанмын. Ол да барып жатып келді. Бір қызығы, қазір күз уақыты болса да, жерден еш сызды сезінбейсің. Мүмкін біреулер білер, біреулер білмес. Сенер, сенбес бірақ  ауырған жан іздеп барса, кім білген, жанына шипа болар.
 
Құралай ӘУЕЗБЕКОВА.
Қаймақкөл ауылы,
Әулиекөл ауданы.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓