Елбасымен дидарласқан Елена
4-наурызда Ақордада Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымымен болған «Көктем шуағы» атты кездесуіне қатысу бақыты біздің жерлесіміз Елена Даниловаға да бұйырды.
Елбасымен дидарласқан Елена ерекше әсермен оралды. Әсіресе, ол үшін бұл көктем естен кетпес, көптен күткен арманы еді. -Көктем мерекесі қарсаңындағы бұл кездесу мен үшін керемет сый болды. Әр салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер Елбасымен кездесіп, жүрекжарды ілтипатына, сый-құрметіне бөленді.
Жалпы, жүздесу барысында қатты қобалжыдым. Бірақ, Көшбасшымызды көзбе-көз көргенде алабұртқан көңілім бірден басылды. Теледидардан көрген басқа, шынайы өмірде көрген мүлдем бөлек екен. Ол бізбен көп әңгімелесті, көп әзілдесті. Бұл жәй ғана кездесу емес, емен-жарқын әңімелесу болды.
Мемлекет басшысы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөліне тоқтала келіп, бізді қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне теңеді. Сондай-ақ, әйелдің басты парызы ана болу екенін атап өтті.
Осындай жылы жүздесуден соң Елбасымен қосылып, қазақтың халық әнін шырқадық. Содан соң президенттік түскі асқа бардық. Әрине, ол өзі қатыса алмады, бірақ, саланат сарайында түстенудің өзі неге тұрады? Түскі тамақтан соң мерекелік концертті тамашаладық. Президенттің өзі бірнеше мәрте ән салды. Бұдан кейін өзіміз аялдаған «Думан» қонақ үйінің ұжымы құттықтады. Бәрі де өте тамаша өтті.
Бұл әйелдер үшін үлкен тәжірибе, зор жетістік дер едім. Болашақта мол мүмкіндік береді. Мен жас болсам да дәл осындай думанды кездесуге қатысқаныма қатты қуаныштымын, – дейді Елена Сергеевна.Жалпы, Елбасымен кездесуге Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 адам шақырылыпты. Әр облыстан бір-бір адамнан. Қостанайдың атынан барған біздің жерлесіміз де Елбасының алдында өз жұмысының жетістіктері жайында әңгімелеп, Нұр-ағаға өз ризашылығын білдіріп, Қазақстанның өсімдіктер энциоклапедиясын естелікке тарту етіпті.
Айта кеткен жөн, бүгінде Елена Данилова Сарыкөл ауданындағы Жастар бастамасы орталығының басшысы. Жастарды жұмыспен қамту, курстық оқыту мақсатында Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатын іс жүзінде жүзеге асыру жолында еңбек етіп жүр.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.