Қолөнерді кәсіп еткен
ХХІ ғасыр – техногендік жаңару, жаңғыру дәуірі болса да, ұлттық өнерін сақтап, дәріптеп отырған елдер аз емес. Біз де осы жағына ерекше мән беріп келеміз. Қазір той-томалақ ұлттық нақышсыз өтпейді. Киімнен бастап, ыдыс-аяқ, әшекей-бұйымдардың барлық элементтері қолданылып жүр. Алайда осы қазынамызды жасап, көпшілікке паш етіп жүргендер біздің облысымызда некен-саяқ. Әсіресе, өткен бабаларымыз тұрмыста қолданған ұлттық дүниелерімізді Лисаков қаласында шығарып жатыр дегенді естіп, өнер иесімен жолығуды жөн санадық.
Лисаков қаласында өткен жылы ғана жаңадан ашылған "Дәстүр" тігін цехының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Ұлттық киім-кешек, көрпе-жастық, қоржын-дорба тігіп, ою-өрнек салатын кәсіпорын бұ- рынғы ТРЕСТ ғимаратының екі бөлмесін жалға алған екен. Біз бар-ғанда қауырт жұмыс жүріп жатты. Бізді күлімсірей қарсы алған кәсіп иесі Айгүл Балғабаева шеберхананың ішін аралатып, атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен айтып берді.
Бұрын есепші болып, кейіннен жұмыстан қысқарып қалған Айгүл ата кәсіпті қолға алады. Айгүлдің өз ісінің шебері екенін мұндағы қызу жұмыс барысынан анық аңғардық. Осыдан бір жыл бұрын көшедегі жарнамалардан "Даму" қоры арқылы өз ісін ашуға болатынын естігенін айтады. Сөйтіп жұмыспен қамту орталығына барып, мән-жайын біліпті:
– Әрі ойланып, бері ойланып, біздің қалада қазақы киімдер тігетін шеберханалардың жоқ екенін байқадым. Сөйтіп осы идеям бойынша бірнеше рет бизнес жоспарын жасап, "Моноқалаларды дамыту" бағдарламасына қатысып, кәсібімді ашуға 1,5 млн. теңге мемлекеттен көмек алдым. Әрі бала күнімде әжемнен көріп-білгенім бар еді. Сол да септігін тигізді. Сөйтіп бала кезімнен қалған өнер кейіннен үлкен іске арқау болды. Бұл қара-жатқа тігін және өрнек салатын машина, түрлі маталар мен шикізаттар сатып алдық, – деді.
Айгүлдің өзі тапсырыспен алдыр-ған заманауи техникасына қызыға қарадық. Бұл – қа-зақы ою-өрнек ті-гетін автоматтандырылған тігін машинасы болып шықты. Ол тапсырыс берушінің талғамына сай ою-өрнек салып, тігеді. Мұнда бірнеше тігін машинасы бар екен. Оның әзірге барлығы да істеп тұр.
– Әзірге тек қазақы үлгідегі шапандар мен қамзолдар, көрпешелер, қоржындар, жастық, көйлектер мен юбка тігіп жатырмыз. Алдағы уақытта жұмысымыз жанданса, мектеп оқушыларының формаларын, әскерилер мен жұмысшылар киімде-рін тігуді қолға алатын боламыз, –дейді бізбен әңгімесінде Ай-гүл.
Жоғары тал-ғамға сай тігіліп жатқан қазақы көйлек, қамзол, шапан үлгілері көз жауын алады. Қазіргі таң-да жұмыссыз жүрген үш әйел-ді шеберханаға тігінші қылып алған. Жұмыс барысы мен машиналардың қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көріп, тігіншілерді сөзге тарттық. Жаңа цехта барлық қолайлы жағдай, сапалы өнім шығаруға барлық мүмкіндіктер бар дейді шеберлер.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа тігін шеберханасы ашылумен қалада жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр. Айгүл шеберханаға қолынан іс тігу келетін қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдауға дайын екенін және кез-келген үлгіде тапсырыстар қабылдайтынын жеткізіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қомақты қолдауға арқа сүйейтінін білдірді.
– Біздің қаламыздан басқа Таран және Денисов аудандарынан тапсырыс түсіп, бірнеше қазақы киім тігіп жөнелттік. Алдағы уақытта ісімізді жетілдіріп, ұлттық нышан белгісі салынған костюмдер мен көйлектер тікпекпіз. Және жеке ғимарат алып, одан әрі ісімізді жандандырсақ деген ойымыз бар. Бізге әлі де насихат жұмыстары жетіспей жатыр. Қаламызда ұлттық киімдерді тігетін тігін цехы бар екенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан біз өзімізді жарнамалауға мәжбүрміз, – дейді Айгүл Балғабаева.
Ашылғанына аз уақыт болған тігін шеберханасының ісіне сәттілік, алдағы уақытта өндірістің өнімі өтімді болуына тілектестік білдірдік.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ