ШЫНДЫҚ

Қаладағы көше бойындағы қабатты тұрғын үйлердің алдыңғы жағынан қарасаңыз, жылтырап жұтынып тұр, ал арт жағына барсаңыз, көңіліңіз құлазып сала береді… ..Бір құдалықта көрдік. Ќұда сымдай тартылған сұңғақ, атжақты, ќалың шашты сымбатты жігіт екен. Сөйлесе, сыр тарта келе, белгілі болды: "Сымбатында сын жоқ, ішкі сарайында дым жоқ" біреу. Бір жігіт анасының туған күніне жақсы бір сыйлық таңдап берсін деп әйеліне айтқанда, жары қуанып кетіп әмбебап дүкенге бастап келеді. Дүкен аралап жүріп қызғаныштан ішіне пышақ айналмайтын әйелі ең бір арзан дүниені таңдайды. Күйеуі әйел таңдаған сыйлықтың сыртын әдемілеп безендіріп, қаптатып үйіне алып кетеді. Кешкілік сол сыйлықты ол әйеліне сыйлап тұрып:" Ең қымбат жанға қандай таңдау жасасаң, сен өзің үшін де сондай таңдау жасады деп ойладым ",– депті. Әйелі тілі байланып, өкініш уытынан сазарып-безеріп қалады. Шындық – кейде сұмдық, кейде ғажап. Шындық – кейде ащы, кейде тәтті. Шындық – өзіне тас лақтырғандарға да күледі. Ал енді осы заманымыздың шындығы қалай өзі? Айтпақшы, еске түсті: Шындықтың үсті-басы кір- қожалақ, әбден ұсқыннан ұсқын қалмаған тыр жалаңаш кейпін көрген сайын жұрттың жүрегі айнып, теріс айналып кетеді екен. Оны үйге кіргізбек тұрмақ, есігінен сығалатпайды да. Күндердің күні Шындық әбден мұңайып, жүдеп жүргенде көшеде үстінде әдемі көйлегі бар, жүзі бұл-бұл жайнаған Әфсанаға кездесіп қалады. Әфсана: – Сен неге жалаңаш жүресің, көңіл-күйің жоқ қой? –депті. Шындық басын салбыратып, мұңайған жүзімен: – Сіңілім, менің көрген күнім – күн емес. Ортада сүйкімім кеткен, қадірім қашқан. Қартайдым, күйім төмен әрі бақытсызбын. Сондыќтан жұрт менен әзірейлі көргендей аулақ жүреді. – Мүмкін емес, – деді, Әфсана, – сені кәрі болғаның үшін жұрт саған қарамайды дегенге сенбеймін. Мені қарашы, мен тіпті сенен де кәрімін. Бірақ жасым келген сайын мені жұрт көбірек іздейді. Саған оның құпиясын айтайын: жұрт тым қарапайым, тым ашық нәрсені жақтырмайды. Олар сәл де болса жабық әрі сәнденгенді ұнатады. Кел, мен саған өзімнің бірнеше сұлу көйлектерімді бере тұрайын. Соны ки, содан кейін жұрт сені жақсы көретін болады. Сен сонда оны тез-ақ білесің,– дейді жымыңдап. Шындық оған құлақ асып, келіседі. Әфсананың әсем көйлектерін киді. Сол-ақ екен, сұп-сұлу болып жайнап шыға келген Шындықты адамдар күлімдеп қарсы алатын болды. Содан бері Шындық пен Әфсананың жұптары жазылмай бірге жүреді екен…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓