Жұмақ
Бір адам жұмақ пен тозақтың не айырмасы барын білу үшін, күндіз-түні ұйқы көрмей ойланады. Бір күні ол түс көреді. Түсінде ол тозақта жүр екен. Қарсы алдында ас пісіп жатқан қазанды қоршап бірнеше адам отырады. Әрқайсының қолында сабы ұп-ұзын бір-бір қасық бар. Бірақ түрлеріне қарасаң әбден арып-ашыққан, жүдеу. Олар қасықпен қазаннан ас іліп алғанымен, аузына апарып жей алмайды. Олар осыған ызаланып, бір-бірін қасықтарымен ұрып, ұрысып-таласып жатады. Кенет оларға бейтаныс біреу келіп:
– Жүріңдер,тез, жұмаққа баратын жол көрсетемін!
Олар асыға жұмаққа келеді. Келсе, мұнда да ас пісіп жатқан қазанды қоршап бірнеше адам отырады. Әрқайысының қолында сабы ұзын бір-бір қасықтан бар. Бірақ олар қарны тойған, жүздері шат, өздерін бақытты сезінеді. Байқап қараса, олар бір-бірін асықпай қасықпен тамақтандырып, біріне-бірі көмектесіп жатыр екен.
– Жұмақ дегеніміз – қайрым мен мейірім екен ғой -дейді бейтаныс кісі.
..Аялдамада автобустың алдыңғы есігінен шығып жатқан адамдардың арасынан бір егде кісінің аяғы тайып кетіп, мүйізденген жол табанына оңбай құлады. Әлгінің артында келе жатқан жастар түк көрмегендей әлгіні баса-маса топырлап түсіп жатыр. Тіпті тұра алмай жатқан адамға қолын созбақ тұрмақ, апырау мынау адам ғой деп ешкім бұрылып та қарамады. Біз жүгіріп барғанша, автобус дөңгелегінің астына түсе жаздаған кісі орнынан әрең тұрды. Абырой болғанда, сәл ақсаңдай басты да өздігінен жүріп кетті.
..Той үстінде іргелі бизнесі бар бір жүзтаныс кәсіпкерді көрдім. Бұрынғыдай емес, жүдеу көрінді. Бір қалт еткен сәтте тысқа шыққанбыз, кәсіпкер өздігінен сыр ашты:
-Таяуда ғана ауруханада бір ай жатып шықтым. Ештеңеден таршылық көрмедім, бәрі жетіп жатты. Бірақ.. жайшылықта есігіме дамыл бермейтін, жанашыр-ау деп санайтын дос-жарандар келіп хал сұрауға жарамады.. Бір қалада тұрамыз. Маған бар болғаны – көңіл қайырымы, пейіл демеуі еді. Өзіміз деп жүргендерден соны дәметеді екенсің.Мүмкін менікі пендешілік пе, ағасы?..-деді ол.
-Абай абыз: «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» – деген. Бәрі жүректе ғой. Оны біз мейірімге, күншіл-қызғанышқа толтырдық та, қайырымды қаңғыртып жібердік-ау, інім. «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады».
Сол екі арада іштен көрші інім келіп, басыма құлақшын кигізіп жатыр:
Аға, суықтап қаларсыз.-дейді.
Кәсіпкер көрші інішекке таңдана қараған сыңайлы..