«Бабалар сазы» ұлттық өнер фестивалі
Меңдіқара ауданында Мәдениет үйінің қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бабалар сазы» атты термешілер мен дәстүрлі ән орындаушыларының фестивалі өтті.
Фестивалді салтанатты түрде құттықтау сөзімен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сатыбалды Еркенов ашып берді.
-Бұл мереке – татулық пен бірліктің мерекесі. Ынтымағы жарасқан ұлтымыздың берекесіне айналған мереке. "Бірлік болмаса, тірлік болмайды" дейді. Олай болса өзіміздің тарихымызды ұлықтап, мерекенің жақсы атқаруға бірлесе атсалысайық,- деді.
Ал, сахнаның шымылдығын «Ауыл қарттары» термесімен Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақытжан Сәуекенов түрді. Сондай-ақ, талай жылдардан бері Бақытжан Дәуренұлының жетекшілігіндегі «Әжелер» тобы әсем әнмен фестивалді жалғастырды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы жазған арнауымен келген қатысушының бірі – ауданға қарасты Қаражар ауылының тумасы Алтай Сералиннің өнері де көрерменнің қошеметіне бөленді.
Ғ. Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінің ұстазы, әнші-термеші Айнұр Ражанованың орындауындағы «Майлықожаның термесі» тыңдармандарын тәнті етті. Жангелді ауылынан келген қатысушы Әбдірахман Алпысовтың «Дала» термесі де жүректерге жылылық ұялатты. Аудандық Мәдениет үйінің атынан «Алқалы жұртым, армысың» атты термені сахна төріне алып шыққан Қайыржан Тілесбаевтың өнері де бейжай қалдырған жоқ.
Аталмыш фестиваль төрінде өнердің нағыз жанашырлары, ауданымыздың мәдени іс-шараларының белсенді ат салысушылары, өнерде де өмірде де бір жүрген отбасылық жұп Ерлан мен Жұмагүл Айсағалиевтер Жангелді орта мектебінің атынан арнай қатысып, өнер сүйер қауымға «Дариға-дәурен» әнін тарту етті.
Ұзынкөлдік өнерпаз Азамат Сүйеубаев «Ақсақ киік» термесін, меңдіқаралық Ғалымжан Маутанов «Жігіттерге өсиет» термесін көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қарқын ауылынан арнайы келген әнші-термеші Аманкүл Тілеуқабылованың өнерін жергілікті жұрт әуелден біледі. Қаратал ауылынан келген Есболсын Төлеповтің де тыңдарманы көп. Фестиваль көрігін Мейір Нұрмұхамбетов пен Хамит Мұстафин сынды күйшілер қыздыра түсті.
Өнер жолында бірге самғап жүрген жарасымды, өнерлі жұп Тобыл мен Нұржамал Болатовтар да осынау мерекелік кештің төрінен табылды. Олардың орындауындағы «Әгугай домбыра», «Жолың болсын, жолаушы» әндері тыңдармандардың көңілін бір көтеріп тастады. Мерекелік іс-шара Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінің алтын дауысты, күміс көмейлі әнші-ұстаздары Марат Омаров пен Қанат Ражановтардың орындауындағы «Қалқатайдың дауысы-ай» атты халық әніменен мәресіне жетті.
Фестиваль соңынан аудандық Мәдениет үйінің директоры Мәди Нұрмұхамбетов сөз алып, барша қатысушыларды ұлттық өнермізді дәріптеуге қосқан зор үлестері үшін Дипломмен марапаттап, алғыс сөзін жеткізді.
Мерекеге келген ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыз аталмыш кештен рухани азық алып бір демалып қайтып бара жатқандықтарын жеткізіп, өнерпаздарымызға ақ бата тілектерін білдірді. Осыған қарап халқымыз біраздан бері рухани, тарихи әндер мен жырларды сағынып, сусап қалғанға ұқсайтынын ұқтық.
Фестивалдің жауапты-жүргізушісі, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұрат Нағашыбайдың айтуынша, былғы жылы аталмыш мереке фестиваль ретінде өткізіліп отыр, келер жылы байқау ретінде жариялауды да ойластыруда. Жас шамасына шектеу қойылмаған бүгінгі қатысушыларымызға және оларды қолдап фестивалге жіберіп отырған ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорларына алғыс білдіреді.
Ауданымыздың ең мықты өнерпаздарын бір сахнаның төрінен көру – жұмыла көтерген жүк жеңіл деген нақыл сөздің баламасы деуге болады. Ұзақ уақыт естен кетпестей үлкен той, тамаша кеш болды.