Жалаңаш келген
Көрші облыста тұратын жолдас жігітке таяуда ойда жоқ жерде жолығып қалдық. Екеуара отырмыз, әңгімеден – әңгіме.
– Жиенім он мың гектар жері, облыс орталығында үш сауда кешені бар дәулеті жылдан-жылға еселеніп келе жатқан азамат. Елуге толған мерейтойынан соң мейрамханадан шығып мені үйіне ертіп келді. Тап соның үйінде бір сұмдықтың үстінен шықтым. Қонақ бөлмесінің бір бұрышында тұғыры кісі бойындай өзінің бюстін көрсетті. «Таза алтыннан құйдырдым» дейді жиенім, менің таңырқағанымды күткендей-ақ. Бірақ даусынан бір мақтангершілікті сезбедім, – деді ол сөзін сабақтай түсіп,– Осынау бес күн жалғанда, кім бар, кім жоқ. Ұл-қыздарым дүниенің қадірін білмейді. Күндердің күні олай-бұлай болып кетсем басыма қояр көк тас осы болсын деп олардың құлағына құйып қойып отырмын. Олар да алғашқыда шошынғандай болып еді, енді бүгінде үн-түнсіз, түсінген сыңайлы деді жиенім. Ал мен түк те түсінбей алтынның буы бар қонақ бөлмеден шала ұйқылы аттандым, – деді жолдас жігіт.
Былтыр Мысыр еліне барғанымызда сонау Ежелгі Египетте б.з.д. мыңжылдықта өмір сүрген перғауындар бюст өз алдына, тұтастай тұлғасын қашап салғанын, ал Тутмос, Аменхотеп, Рамзес есімді атақты перғауындар заманында Перғауындар мен бай адамдарды жерлеу үшін жартастарды қашап салған бірнеше бөлмелі мазарларды көрдік. Өлгендердің денесін «мәңгі өмір сүруі үшін» бальзамдап, мумияға айналдырып, оны соның ішіне қойыпты. Соның айналасында аса бағалы алтын-күмістен жасалған дүние мүлкі де болған деседі.
Менің есіме таяуда ғана ғаламтордан бір оқығаным түсті. Сонау кеңес заманы жаңа орнап жатқан кезде, 1921 жылы Талдықорған өңірінде қызыл комиссарлар Шайқорған деген жерде ауыл-ауылдан өкілдер жинап, алқақотан отырғызады. Ортаға атақты бай әрі діндар Қожахметті байлап әкеледі. Сонда бай ел-жұртына ақтық рет: «Уа, халайық, соңғы сапарға аттанып барамын. Пендеміз ғой. Біреуге ісім батып, біреуге тісім батқан шығар. Қиянат-қателіктерім үшін бәріңізден ғафу өтінемін. Қарызым болса өтейін. Мә, мынаны алып, қажеттеріңе жаратыңдар. Қалғанын молдаға беріп, құран оқытыңдар маған», – деп жұртқа бір дорба алтын-күміс теңге лақтырыпты. Байды сол жерде атып өлтірген екен..
Осы жақында 62 жастағы бразилиялық миллиардер Каунт Чикиньо Скарпа жиған байлығын о дүниеге алып кетуге ұмтылуда деп жазды әлемдік ақпарат көздері. Миллиардер фәниден бақиға жеке көлігін тасудан бастапты. Ол өзінің жарты миллион доллар тұратын «Bentley Continental Flying Spur» автокөлігін үйінің артынан көр қазып, сонда жерлепті.
Бұл не сонда, ақылдың азғаны ма, тозғаны ма десек, жауабын осыдан 5 ғасыр бұрын Бұқар жырау бабамыз айтып қойыпты: «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат. Жақындап ажал тұрса да, жанына қылыш ұрса да, қалжырап, көңілі қарайып, қарауытып көзі тұрса да – Үмітін қоймас адамзат».
…Ауылда бай-дәулетті адам дүние салды.
– Бұл кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді, міне, енді бақиға бір кебінмен кетіп барады, – дейді көп ішінен біреу.
– Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ, – дейді, сонда Бөлтірік шешен, – Бұл кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын.
Адамзат баласының ақыл-ойы кемеліне де, кемеріне де келіп, ізгілік-парасаттың ең бір шырқау шегіне жетті-ау деген бүгінгі заманда пендеңіз осы пәниге жалаңаш келгенін бәрібір ұмытып кетеді екен…
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ