АҚША

Ajazbekov_5Ақша! Ақша? Ақша. Байсал көңілмен безбендесек, ақшаның аты –  ақша.  Ақшаны құдай жаратқан жоқ. Ақшаны ойлап тапқан адамзаттың өзі. Оның "әкесі" – сауда-саттық. Дүниенің бәрін шағып-шығырлап берген қазіргі дәуірімізде нумизматиканың   сырлы баянынан сонау ықылым замандардан Азия, Үнді, Мысыр, Рим, Еуропа, Африка дейсіз бе, ақшаның түпкі шаранасының қалай  шыққанын білудің түк қиындығы жоқ. Басқаны былай қойғанда, қазақ жерінде VІ-VІІІ ғасырларда Суяб, Сарайшық, Отырар, Тараздағы арнайы шеберханаларда рубасылар төл рәмізін бедерленген теңгелер құйғызыпты. б.з. 704-706 ж. Таразда құйылған "Түркеш қаған теңгесі" немесе "Түркінің көк ханының теңгесі" деген жазулардан. Бүкіл мемлекеттің дәулет  – мүлкін, куәландыратын кепіл-деме болған көрінеді. Тарихи даму үдерісінде жалпыға бірдей эквивалент формасында әр алуан тауарлар: мал, тері, бақалшақ, металл бұйымдары т.б ақшаның қызметін атқарды. О баста  жаһан елдерінде ақшаның түп атасы мал болса керек. (Біздің қазақта есен-саулықтың піссімілласы "мал-жанның амандығын" сұраудан басталады ғой.)  Малды айтасыз,  бір монетаны бір тауыққа теңестірілген заман болған.  Ол ол ма, Юлий Цезарь билік құрған заманда  құлақ кесті құлды ақшаға – бір құлдың құнын үш сиыр, алты бұзау, он екі қойға бағалаған.
Ақшаның кісәпірлігінен шошыған  XIX ғасырдың социал-топистері – Прудон, Оуэн, Грей және басқалары ақшаның көзін құрту үшін жанталасқанымен, түк шыққан жоқ. Қаза берсеңіз, ақшаның сыры ұшан теңіз.  Ақшаның қызметімен адамзат дамыды, кемелденді. Ал дүние-тезекке құмарлық о баста жаратқанның адамға жіберген зауалы. Ол зауалмен күресе алмаса, адам өзін-өзі жалмап құртады. Сондықтан да адамзат өмірі – мәңгілік айқас,  мәңгілік күрес. Өркениетке  арпалыспен аяқ басты, ғасырдан-ғасырға құш-тарлық, құмарлық дүмпуімен жетті. Ендеше, бұл ежелден-ақ көркемөнер атаулының өзекті, мәңгі бақилық тақырыбы. Сондықтан қай ғасыр, қай дәуірде болсын  ақшаны, дүние-байлықты, оның зорлық-қорлығын, қайғы-қасіретін жазбаған жазушы кемде-кем, қазір де жазады, келешекте де жазыла береді. 
Бір ғана  қиярпұрыстық  –   күні бүгінге  дейін,  әсіресе кеңес дәуірі рухындағы әдебиетшілер бәрі ақшаны құбыжық, кесапат, қараниет демон ретінде танытып келеді. Бірақ жаңа айттық,   ақша пайда болғаннан бері қанша қоғамдық формациялар ауысты,  ауыса береді,  бірақ бұл тағынан түспейтін  феномендік құбылыс. Төрт ғасыр бұрын ағылшын  философы  Томас Гоббс мемлекетті – тірі  ағзаға,  ал ақшаны – оның қанына теңепті.  Ақшасыз қоғам дамымайды.  Алтын  мен күміс монеталардың мемлекет дәрежесінде айналымға түскен жері, қағаз  ақшаны да банктен шыққан жері,  бәленің бар ошағы мұқым дүние-де Франциядан басталған. Жаһандық экономиканың жұлыны ақшаға тәуелді. Сол XIX ғасырда тұңғыш рет  Парижде (1867)   әлемдегі ақша қызметі алтынға баланып пәтуа да жасалған. Орта ғасырларда Франция көп елді  әлімжеттікпен отарлады, тонады,  алтын-күміс,  мүккамал-айлықты  тасыды, төкті, шашты. Париждіктер,  Биағаңша айтсақ: "Уа, кімсіз? – Французбыз!" деп қораз айдарлы галлар ұрпағының мейманасы тасыған. Дүниеқоңыздық ынсапсыз ындыны меңдеп,  ашкөз құштарлық француз ұлтының ғасырлардан келе жатқан әлеуметтік түбір-тамырына балта шауып, жуадай солдырып  жатқан кез де болды. Айталық,  әдебиетте Оноре де Бальзактың  "Адам комедиясының" беташары – "Горио атайға",  "Гобсекке"  зер салсаңыз  болғаны – әңгі-менің піссіміләсі ақшадан басталады! Көзге әп дегенде-ақ сүйелдей қадалатыны – сандар,  есеп-қисаптар, тұнған бухгалтерия!  Туындылар өзегінде –  ақшадан туған  драма…
Бірақ, Горио шал  қанша жерден зар илесе де капиталға, ақшаға лағынет айтпайды, қар-ғап сілемейді! Керісінше: "Ақша деген – өмір ғой ол. Ненің  болса да тетігі – ақшада" – дейді.  Дейді де өзі көрген қатігездік пен қасіретті  шал өз пейілінен, қыздарынан табады.
Бір есеппен ойласақ, Горионың "Он саусағымнан өнер тамады, миллиондап ақша тапсам, дәулетті  болсам" дегенінің өзі айып па екен? Атам заманнан бері ет пен сүйектен жаралған еті тірі пенденің күйлі, дәулетті   өмір сүрсем деген ішкі арманы  қоғами заңдылық қой. Олай емес деп    үзілді-кесілді  айту ақиқатқа қиянат. 
Рас, бізде,  әмбеге аян, кешегі кеңес заманында  адамның жеке басының баюына жол берген жоқ. Мемлекеттің байлығы –  халықтың байлығы дегенге  имандай сендірді.  Дәулетті, бай адамды оның адами қасиетіне қарамастан қоғамға жат элемент, арамтамақ, кесапат, жексұрын  деген сірескен,  сыңыржақ қо-ғамдық пікірді санаға шегелеп тұрып шегендеген. Бай адам ешқашан адал жолмен байымайды  деп, оған адамзаттың бүткіл жүріп өткен тарихының  тырп еткізбейтін  аргументтерін көлденең тартып аксиомаға айнал-дырған.  Осы  ұғыммен талай ұр-пақ өсті, талай ұрпақ  алмасты.
Ақыр аяғында бай мен кедей, дәулетті мен орташа, күйлі мен күйсізі бар қоғамға қайта айналып келдік. Ақ –  адал еңбегіңмен дүние тап, байы, дәулетің мен сәулетіңді жарастырып  өмір сүр деген ұғым – біздің бүгінгі заманымыздың ұраны.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  таяуда ғана Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында  қалталы азаматтар-ға жинаған ақшаларын шетелге асыруға асықпай, жасырылған қаржыны ашық айтуға, батыс елдерінің банктегі ақшаларын елге әкелуге шақырды. Оған ешкімнің тиіспейтіндігіне кепілдік берілетінін, түрлі геосаяси жағдайлардың салдарынан сақтандыруға мүмкіндік алатынын атап көрсетті.
Теңге елге қызмет етсін!
Жанұзақ Аязбеков
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓