Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында "Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?" деген тақырыпты қамтыған семинар өтті. Онда Арқалық аймағы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл ауданаралық бөлімінің консультанты А. Оташев егжей-тегжейлі әңгімелеп, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Мемлекеттік қызмет туралы заңда көзделген жағдайларды, сондай – ақ, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурс Қазақстан Рсепубликасы азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді.
Заңда көрсетілгендей мемлекеттік қызметке кіру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілік белгілеуге жол берілмейді. Яғни, бос лауазымдық орынға конкурс болып жатқанда кандидатураларды тек қана біліміне, кәсіптік оқуына, жұмыс тәжірибесіне тағы да басқа қызмет атқару кезінде қажетті қасиеттеріне қарап қабылдайды.
Тестілеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі әкілетті орган яғни, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Қостанай облысы бойынша немес басқа да облыстарда Департаменттерінде тапсыруға болады.
Конкурс өткізу туралы хабарландырулар біздің облысымызда "Қостанай таңы" және "Қостанай – Агро" газеттерінің беттерінде жарияланады, – дейді Азамат Сейітқалиұлы.
Ұлы ағартушы Ыбрай бабамыздың атындағы бұл оқу ордасының шоқтығы биік. Бүгінде Арқалық өңірінің өзінде ғана осы білім ордасынан тәлім алған 7 ауыл әкімі, қала әкімдігінде 2 бөлім басшысы, 1 бөлім басшысының орынбасары, 2 сектор меңгерушісі, 24 бас мамандар қызмет атқарады.
Семинарды институт ректорының кеңесшісі, білім ошағының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының төрағасы Қ. Ағуанов жүргізіп отырды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.