Кіл үздікте кім үздік?
Тәуелсіздік күніне орай облыстық "Қостанай таңы" газеті Instagram желісінде "Тәуелсіздік – тәу етер кием!" атты байқау ұйымдастырған еді. Оған облыс көлемінен бірнеше қатысушыдан өтінім келіп түсті. Арасында талапқа сәйкес келмейтін, сапасы төмен материалдар болды. Ал бәйгеге түскен үміткерлердің үздіктерін анықтау үшін әріптестеріміз барлық еңбекті сараптап шығып, жеңімпаздарды анықтады.
Бүгін байқау жүлдегерлерін марапаттау рәсімі редакцияда өтіп, "Инстаграм" желісінде тікелей эфирден көрсетілді. Әуелі бас редактор Кенжеш Аманова белсенділігімен көзге түскен үміткерлерге, мектеп ұжымдарына рахмет айтып, өскелең буынды патриоттық рухта тәрбиелеуге бейжай қарамайтын ұстаздарға лебізін арнады. Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің және №115 мектептің оқытушы-тәлімгерлеріне алғыс хаттар табыс етілді. Ал бейнебайқау жүлдегерлерін бас редактордың орынбасары Аслан Қанғожин жария етті. Комиссия ұйғарымымен 3-орынды сондау Жангелдин ауданының Сарысу ауылынан байқауға арнайы материал жіберген мектеп ұжымына берілді. 2-орын – Тәуелсіздік тақырыбында сахналандырылған көріністің бейнежазбасын байқауға қатыстырған №115 мектеп оқушыларының еншісінде. Ал 1-орын Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің оқушыларына бұйырды. Олардың бәріне байқау демеушісі – ісмер Әлия Сәтмырзина әзірлеген әшекейлі картиналар сыйға берілді. Ұжым басшысы алдағы уақытта мұндай байқаулар жалғасын тауып, тамаша тосынсыйлар дайындалатынын айтты. Ол үшін көпшілікті "Қостанай таңын" әрдайым оқып жүруге шақырды.