Салық түспей – бюджет бүтінделмейді

Өңіріміздің ірі өндірістері арасында төменгі көрсеткішпен салық төлеп отырғандары аз емес. Үстіміздегі жылдың 9 айында бюджеттен 11 млрд. теңге алып, мемлекетке кіріс кіргізуге қауқарлық танытпай жүрген 9 кәсіпорын анықталды. Былтырғы жылы да 24 млрд. теңге көлемінде ірі қаражатқа ие болған 11 бизнес ұжымы салық қайтарымын 5 пайызға ғана орындаған. Сәрсенбі күні аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен жиында Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Айбек Паяев осындай мәлімет келтірді. 

IMG_8772

Бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру мәселесі талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары, аудан-қала әкімдері, құзырлы органдар, басқарма-департаменттердің жетекшілері, екінші деңгейлі банк директорлары, кәсіпкерлер қатысты.
Айбек Паяев келтірген дерекке сәйкес, үстіміздегі жыл басынан бергі тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет 73 млрд. теңгеге толығып, 98% жеткен. Жергілікті бюджет 1 млрд. теңгеге артығымен орындалыпты. Республикалық бюджет 3 млрд. теңгемен толықпағандықтан, қаржы дефициті 1,5 млрд. теңгені құраған.

IMG_8793

– Мұның барлығы сыртқы факторлардың әсерінен келген экономикалық қиындықтарға байланысты болып отыр. Негізгі экспортталатын өнімдер арзандады, әсіресе, өңірімізде темір кені 30%, ішкі сауда айналымы 39,1%  төмендеп кетті.
Департамент басшысы облыстағы бірқатар серіктестіктердің қомақты қаржыға ие болса да салық төлеуден жалтаратынын, соның салдарынан көлеңкелі бизнеске жол ашылып жатқанын жасырып қалмады. Ондай кәсіпорындар салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілдеріне көшеді. Өңірдегі «Ерлан Компаниясы», «Сыл», «Ван», «АБЗ+», «Гренада» қатарлы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салықты толық төлемеген.
Құзырлы орган мемлекеттік тапсырысқа қатысушыларға сараптама жүргізіпті. Мәселен, былтырғы жылдың басынан бері кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыс аясында 197,4 млрд. теңге алған.

IMG_8782

– Жылдан жылға ірі көлемде қаражатқа ие болып, салықты өтеуі төмендеп бара жатқан бизнес субъектілері аз емес. Атап айтсақ, «Ерлан Компаниясы» ЖШС соңғы екі жыл ішінде мемлекеттік тапсырыспен алған 7 млрд. теңгеге 101 млн. теңге салық төлеген. «Аяз» ЖШС мемлекеттен 6 млрд. қаражат алса да, 155 млн. ғана салық берді. «АБЗ+», «Гренада», «Сыл» серіктестіктерінің әрқайсысы 2 млрд. теңгеден қаражат алса да, салық көлемі 100 млн. теңгеден аспаған.

IMG_8804

Департамент басшысы өз еркімен салық төлемейтіндерден ақша қылмыстық іс қозғау арқылы өндіріліп алынып жатқанын да атап өтті. Биыл мемлекеттік тапсырысқа қатысушы ірі бизнес субъектілеріне қатысты салықтық тексерулер жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін 2,6 млрд. теңгеден астам қаражат бюджетке келіп түскен. Осындай тағы 4 ірі кәсіпорынға тексеру жүргізілуде екен. Олардан қазынаға келіп түсетін қаржы көлемі 1,5 млрд. теңге болмақ. Айбек Паяев жоғарыдағы олқылықтар қайталанбау үшін облыс әкіміне салық төлеу қабілеті төмен кәсіпорындарды тендерлерге қатысуға жол бермеуге ықпал етуін сұрады.
– Қазір жылдың аяғы. Күн тәртібінде бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру мәселесін қарастыратын боламыз. Облыстың және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің жеткізілген параметрлі атқарылуы ағымдағы жылы проблемалы және күрделі болып отыр. 2015 жылы бекітілген бюджетпен салыстырғанда, жыл басынан бері облыстық салық түсімдері бойынша жоспар 4,5 млрд. теңге қысқарды. Бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы 2016 жылы да биылғыдай күрделі болатынын көріп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта бюджеттік кіріс бөлігін ұлғайту жөнінен резервті анықтау, сондай-ақ салық базасын кеңейту қажет. Бұл тек мемлекеттік органдарға ғана емес, барлық ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субьектілеріне жүктеліп отырған міндет, – деді өңір басшысы.

IMG_8786

Архимед Мұхамбетов салық төлегендер жұмысын жалғастыра береді деді. Қайта оларға билік тарапынан көмек те жасалмақ. Ал «бармақ бастымен» салықтан жалтару деген болмайды. Осыны бұқаралық ақпарат құралдары алдында ескертіп өтті. Аймақ басшысы сондай-ақ түрлі қитұрқылықтармен банкроттық жариялап, барлық активтерді алып кеткісі келетіндер жайында хабардар екенін жеткізіп, ондайлардың жолы кесіледі деді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓