Мақсат мол, жол айқын

 Жаз бойы гастролдік сапарда болып, жақында театр маусымын ашқан Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының ұжымы алға үлкен сеніммен қарап отыр.
 – Әр театрдың өзінің "Театр маусымының ашылуы, жабылуы" деген сияқты төл мерекелері болады. Бұл бір есептен театр әртістерінің болашақта қоятын қойылымдарының бастауы болса, екіншіден көрермендер үшін де үлкен жаңалық, – дейді театрдың бас режиссері Ибрагим Ниязбеков. Ибрагим
 Оның театрға бас режиссер болып келгеніне де көп бола қойған жоқ.
 – Театр Одағының нұсқауы, осы театрдың директоры Зекен Қайдауыловтың шақыруы бойынша келдім. Бұл жерде бәрі дұрыс жолға қойылған. Жалындап тұрған жастардың ортасы. Ұжым жақсы, ауызбіршіліктері мол. 
 "Бес бойдаққа бір той", "Қос мұңлық" және балалар қойылымдарымен Ақтөбе, Жезқазған қалаларына барып қайттық. Ол жерлерде де халықтың ықыласы мол болды. Әртістеріміз рухтанып, жігерленіп, ерекше бір құлшыныспен оралды.   
 Биылғы театр маусымы Ш. Орынбайдың «Тозаңды терезе» спектаклімен ашылды. Режиссеры Ғ. Арынов. Бұл – кішігірім мелодрама. Ауғанстанда болған жауынгерлерімізге паш етіп отырмыз. Соғыста болған қазақтың баласы үйіне мүгедек болып оралады. Оралғаннан кейін отбасында түсініспеушілік орын алады. Шын бақыт бұл: махаббат, мейірімділік, сыйластық. Адамдардың ара қатынасында осындай игі қасиеттер болса мүгедек болсын, қарт болсын тіршіліктері нұрлана түседі. IMG_3545
 Алдағы уақытта театрдың мүмкіншілігін кеңінен көрсету үшін бір жақсы дүниемен бастағым келеді. Болашақта мақсаттаған дүниелеріміз көп.
 Қазір "Қазақ хандығының 550 жылдығына" тоқталудамыз. Елбасымыз алға "100 қадам – Ұлт жоспарын" қойып отыр. Үкіметтің берген ұсыныстарын біз орындауға міндеттіміз. Біздің бір қойылымыздың өзі үлкен тәрбие деп ойлаймын. 
 Қазақтың тәуелсіздігі үшін күрес бастаған көтеріліс батыры М. Өтемісұлының образын ашпақ ниеттемін. Осы мақсатта: Р. Отарбаевтың "Махамбеттің басы" деп аталатын пьесасымен жұмыс жасауды қолға алдық. Бұл – мистикалық драма. Ата – бабаларымыздың бізді қорғағанын мәңгілік есте сақтау үшін қойылатын дүние деп отырмын. Жәңгір ханның рухтары сомдалады. Жалпы, ой беретін дүниелер өте көп._MG_3534
 Бұдан кейін, бұл жер Торғай өңірі болғаннан соң мен бар күш жігерімді салып Амангелді батыр жайлы дүниені бастайын деп отырмын. Бұл енді өзімнің идеам. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Торғай өңірінің топырағына аяқ басқанда айрықша сезімде болдым. Аманкелді, Кейкі батырлардың ерліктерімен  таныспын. Батырдың ұлттық, азаматтық – патриоттық сезіммен байланысты ойларын, мақсатын жеткізгім келеді. Ата – бабаларымыздың кім екенін көрсете білсек, біздің бәріміздің ұтқанымыз.
 Онан қалды, бұл театр жасөспірімдер театры болғаннан кейін балалар жайлы көптеген қойылымдар болады. Қазақ театрының багаждары бар. Оны толықтыру үшін әртістердің бағын ашып, олардың ойлаған мақсаттарындағы ролдерді жақсы беріп, көрерменнің алдында ыстық ықыласқа бөлене берсін деген оймен істі бастап жатырмыз.
 "Өнер" академиясын бітіргеннен кейін театр, телдидар, кино саласында жұмыс жасадым. Режиссерлардың өмірі қызық. Әр театрдың өз ерекшеліктері болады.  Жаңа жерде жаңа жұмыс бастағым келді. Бұр жерде айтатын ойыңды шынайы жеткізуге зор мүмкіндік туады деп ойлаймын,- дейді Ибрагим Жақсылықұлы ағынан ақтарылып.  
 Лайым, төл өнеріміз өрісті бола бергей!   
 
Мұрат Жұнісұлы
 Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓