Қаламы жүйрік өр тұлға
Облыстық ішкі істер департаментінің ұжымы осы салада қалам тербеген ардагер журналист Қажы Қорғанұлымен кездесті.
Жиын барысында қаламгер естеліктерімен бөлісіп, «Қазақстан жол полициясы» атты кітабын тарту етті. Бұл еңбекте ішкі істер саласының түрлі қызығымен қатар, автордың журналистік жолдағы естеліктері сипатталған. Ұйымның мұражайымен танысып, жаңа мәліметтерге қанықты. Еңбек жолынан шежірелі сыр шертер фото суреттерін мұражай қорына тапсырды.
Қажы Қорғанұлы Қостанай облысы Алтынсарин ауданының тумасы. Табаны күректей отыз жыл қазақ телевизиясында тер төкті. Ол жүргізген «Эфирде-02», «ГАИ экраны» бағдарламаларын қаракөз қандастарымыз асыға күтті. «Генерал Е.Демесінов», «Өрт шарпыған шежіре» сынды еңбектері бұл салада ізденген оқырмандардың зор талқысынан өтті. Бүгінде жетпіс бесті еңсерген жерлесіміз Қазақстан Журналистер Одағы «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретте: кездесуден көрніс
Суретті түсірген автор