Өз дәуірінің Дәуренбегі
ҚР Журналистер одағының мүшесі, бұрынғы облыстық радионың бас редакторы болған Дәуренбек Ахметбеков саналы ғұмырын еңбекке арнады. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Сондықтан ел ішіндегі ауыр тұрмыстың ащы дәмін татып, еңбекке де ерте араласты. 16 жасында "За доблестный труд в годы ВОВ" медалімен марапатталды. Жеңістің 55 жылдық құрметіне орай соғыс ардагерлері дәрежесіне теңестірілген "белгісін" алды.
Дәуренбек Ахметбеков білімді оқудан гөрі өзінің өмір тәжірибесінен алғандай. Себебі 4 сыныптан кейін бірден 8 сыныпқа ауысып, он жылдық мектепті күміс медальға аяқтаған. Кейін атақты ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түседі. Университетті ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын қазіргі "Қостанай таңы" редакциясының ұжымынан бастаған-ды. 1959-1989 жылдар аралығында облыстық радиода бас редактор қызметін атқарды. Осы орталықтың негізін қалап, отыз жыл еңбек, етіп зейнеткерлікке шыққан.
Дәукең ақсақал зейнеткер екенмін деп қарап отырған жоқ. Ұзақ жылдар облыстық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі ретін-де өзінің өмірден алған мол тәжірибесімен бөлісіп, қызмет атқарды. Соңғы жылдары халқының біртуар ұлы Д.Қонаев атындағы қоғамдық қордың облыстық бөлімін басқарды. Д.Қонаевтың 100 жылдығына орай қостанайлық еңбек ардагерлерінің естелік кітабын шығарды. Бүгіндері де сол қорды дамыту жолында жүрген жан. Қазақтың асыл перзенті Еркін Әуелбеков туралы 2012 жылы естеліктер жинағын құрастыруға, оның жарыққа шығуына ерекше үлес қосқан жан.
Дәуренбек ақсақал өз ісінің хас шебері. Оның бойынан сыпайылық, төзімділік, ізденімпаздық байқалады. Қостанай ауданына қарасты Жалтыркөл ауылында туған қарияның жасы қазір 85-те. Ақсақалдың өнегелі өмірі кейінгілерге үлгі.
К.Дүйсембаев.
Рудный қаласы.
СУРЕТТЕ: Дәуренбек Ахметбеков қашанда көпшілік ортасында.