Қостанай облысында сағат белдеуі қашан ауысады?
2018 жылы Қостанай облысымен бір белдеуде жатқан Қызылорда өңірінде уақыт тілі бір сағатқа кері шегеріліп еді. 2021 жылы тамызда сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев үкіметке Тобыл өңірі мен республика бойынша уақыт мәселесін қайта қарау жөнінде Президент әкімшілігіне ұсыныс енгуізуге тапсырма берген болатын.
Осыдан кейін бұл тақырып министрліктердің деңгейінде қаралған еді. Алайда жергілікті атқарушы органдар, медицина ұйымдары, ғылыми-зерттеу институттарының ізденісінен кейін сағат белдеуін ауыстыру күн тәртібінен алынып тасталды. Яғни, күннің шығуы-батуы мен сағат тіліндегі айырмашылық адам денсаулығына, психикасына әсер ете қоймайды деген байламға келіпті.
Дегенмен, азаматтар, қоғамдық ұйымдардың көптеген өтініш-шағымдарынан кейін әрі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципін ескере отырып, ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанынан ведомствоаралық жұмыс комиссиясы қайта құрылып жатыр.
«Бұл өте маңызды мәселе. Дәл қазіргі сәттегі таңғы тоғызда күн шықпайды, қараңғы түн секілді. Құрамында бірнеше министрлік, оларға қарасты ҒЗИ өкілдері бар ведомствоаралық комиссия сағат тілінің ауыспауының экологияға, адам денсаулығына қаншалықты әсер ететінін мұқият зерттейтін болады. Оның қорытындысы бойынша арнайы хабарлайтын боламыз», – деді Қостанайға іссапармен келген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ