Партияның пәрменділігі артады
«Біздің алдымызда тұрған міндет қоғамда партияның беделін күшейту, сондай-ақ елдің партияға деген сенімін нығайту. Бұл Елбасының жүктеген тапсырмасы»,-деп атап көрсетті «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.
Айтпақшы , XXI – ші конференциясының барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. А.Мырзахметов жаңа басшыны қызметімен құтықтап, оған астықты өңірдегі филиал жұмысын жандандыруға бар күшін жұмылдырады деп үлкен сенім жүктеді.
Конференцияда сөз алған партия төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов облыс партия құрылымдарының жұмысына өзінің оң бағасын берді. Сондай-ақ, бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығая түскенін атап өтті. Оның пікірінше, келешекте өңірлердегі партия жұмысын күшейту арқылы ел ішіндегі бірқатар проблемаларды түбегейлі шешу мәселесі жүйелі түрде атқарылатын болады.
Мәртебелі мейман Президент Н.Назарбаевтың белгілеген бес институционалды реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға халықты жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тиісті бақылауларды қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ