“Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері”

Осындай тақырыпта сот жүйесін  модернизациялау, Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты өкілдерінің қатысуымен аймақтық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғары Сотының Азаматтық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина және Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағалары мен судьялары, адвокаттар, сот саласының және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
сот
сот3
сот6Жиын барысында еліміздегі сот жүйесіндегі қазақ тілінің жай-күйі, сотқа дейінгі тергеу және талап арыздардың берілу ісі туралы баяндаған Нұргүл Қарағойшина кейбір көңіл көншітпейтін деректерді алға тартты. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында шығарылған статистикалық деректерге сүйенсек, бірінші сатыда барлығы 2 млн 447 іс қаралған. Оның 120 656-сы, яғни 5 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізілген. Ал, апелляциялық сатыдағы 62 мың 997 істің тек 12 пайызы ғана қазақ тілінің үлесінде. Бірінші саты мен апелляциялық істе қаралған азаматтық істердің көрсеткіші 4–9 пайызды құраса, ал, қылмыстық істер 32-34 пайыз шамасында. ҚР Бас прокуратурасының құқықтың статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша былтыр жалпы саны 31 мың 309 тұлға сотталса, оның 18 мың 911-і, яғни 64,4 пайызы  қазақ ұлтты азаматтар көрінеді. Ал, ағымдағы жылы 23 мың 77 тұлға сотталса, оның 14 мың 660-ы, яғни 63,5 пайызы  қазақ ұлтының өкілдері екендігі анықталған.
сот1
-Біз, ҚР Жоғары сотының төрағасының тапсырмасын орындау мақсатында, сот ісін жүргізуде қазақ тілінің үлес салмағын анықтау үшін соңғы үш жыл, яғни 2017-2019 жылдар аралығындағы азаматтық қылмыстық және әкімшілік істердің статистикасын шығардық. Мәліметтерге сәйкес, сот жүйесінде қазақ тіліндегі істердің саны көңіл қуантпайды. Тіпті, кей облыстарда “0” деген пайыздық көрсеткіштер бар. Әрине, мұндай жағдайдың тұрақты қалыптасуына істердің тергеу барысында қай тілде жүргізілетіні, талап-арыздың қай тілде берілетіні және қорғаушылардың қай тілге бейім екені әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатыны, үнемі аудармашыны алдыратыны жасырын емес. Біз жұмыс барысында осы жағдаймен жиі ұшырасудамыз. Шағымданушының өз таңдауы десек те, кілең қазақ ұлтының азаматтары жиналған сот отырыстарында бір қазақтың сөзін екінші қазақ аударып тұратын сорақылық жағдайға жеттік. Бұл біреу үшін күлкілі көрінетін шығар,  бірақ таразы басында адам тағдыры тұрған шақта бұл күлетін емес, жылайтын мәселе. Ал, тергеууге келетін болсақ, тергеу қай тілде жүргізілсе, немесе сотта талап арыз  қай тілде түссе сот ісі де сол тілде жүргізіледі. Өкінішке қарай, сотқа келіп түсетін арыздардың, шағымдардың басым бөлігі тек орыс тілінде жазылады. Себебі, “жаны ашымастың, басы ауырмас” дегендей, жанашырлық жетпей жатады, – дейді Нұргүл Қарағойшина.
Ал, Қостанай облысы бойынша бірінші сатыда және апелляциялық сатыда мемлекеттік тілде қаралған азаматтық істер үлесі 1 пайызды құраса, қылмыстық істер 4 пайыздық деңгейде тұр. Мәселен,  облыс бойынша барлығы 52 мың 136 істің мемлекеттік тілде тек қана 1 698-і немесе 0,1 пайызы ғана қаралған. Істердің түрлерін бөліп қарастыратын болсақ, қылмыстық істердің 3,5 пайызы, азаматтық істердің 2,5 пайызы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің 4,1 пайызы мемлекеттік тілде қаралған.
сот4
-Көбіне құқық қорғау органдарында, соттарда, оның ішінде әкімшілік соттарда қарайтын тиісті құжаттар рәсімдегенде орыс тілін қолданады. Ал, іске қатысушылар қазақ тілінде сөйлейді. Бұл соттар отырысында кейбір мәселерді тудырумен қатар, азаматтардың заңды құқықтарын бұзады. Сондықтан, мемлекеттік тілде жазылатын сот актілерінің сапасын арттыру және олардың біркелкі жазылуын қамтамасыз ету, ортақ сот практикасын қалыптастыру мақсатында заң терминдерінің электрондық эталонды сөздігі жасалып, ол сөздік “Төрелік” ақпараттық жүйесінде орнатылуы қажет деп есептейміз. Сотқа дейінгі материалдар мен істерді мемлекеттік тілде әзірлеп жолдау мәселесін кешенді түрде шешуді көздейтін Республикалық Жол картасын жасау қажет деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда бірнеше ұсыныстарымыз да бар, – дейді облыстық сот төрағасы А.Мерғалиев.
сот5
Жиын барысында мемлекеттік айыптау кезіндегі тіл заңнамасының сақталуы, терегеу кезіндегі процестік тіл мәселесі, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді мемлекеттік тілде жүргізудің қиындықтары, азаматтық істердегі процестік құжаттардың мемлекеттік тілде дайындалу мәселелері де сөз болды. Ал, шара соңында конференцияға қатысушылар сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓