Өнегемен өрнектелген өмір
Облыстық "Достық үйінде" ұлтаралық татулықты дәріптейтін, өмірдегі достары мен еңбек жолы туралы жазылған Людмила Мацупаның «Разноцветная правда, или Принадлежать истории» атты кітабының тұсаукесері өтіп, зиялы қауым туынды туралы пікір айтты. Ол осы уақытқа дейінгі көрген-білгенін, өзінің ой-пікірлерін жинақ етіп шығаруды жөн санапты.
Кітап авторын қостанайлық оқырман қаламгер ретінде емес, қаламыздың құрметті азаматшасы ретінде жақсы таниды. Людмила Мацупаның есімі жергілікті жұртшылыққа заң саласының өкілі ретінде кеңінен таныс. Қысқа мерзім аралығында өз оқырманын қалыптастырып үлгерген белгілі қаламгер.
Кеңестік кезеңде кіші буын өкілдерімен көп жұмыс істеген Л.Мацупа жастарға парасатты пікірлер айтып, бағыт-бағдар берді. Мектепте мұғалім болған. Кейін, комсомолдық және партиялық қызметтер атқарған. Өзінің өмір жолын өскелең ұрпаққа өнеге еткен қаламгер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықты, ел экономикасын көтерудегі елеулі оқиғалар мен облыс көлемінде атқарылған ауқымды істерді еш бүкпесіз, ашық әңгімелейді.
300 данамен басылып шыққан бұл кітапта құр қызметтегі қызықты оқиғалары ғана жарияланбаған. Ағарту ісінің ардагері атағандай, жинақта жас буынға жөн сілтер салмақты ой-пікірлер топтастырылған. Дені достық тақырыбына арналған. Қызметтестер арасындағы бауырмалдықтан бастап, ұлттар арасындағы ұйымшылдық кең насихатталады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ