Торғайдың бір көшесі бой түзеді
Өткен жылы Торғай ауылының тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ономастика комиссиясының қорытындысы бойынша Торғайды түлеткен тұлға Жақан Қосабаевқа көше аты берілген болатын.
Міне, биыл осы көшеге аудан әкімінің бастамасымен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, қатты табанды тас жол төселіп, көшеге біршама сән кіріп қалды. Оның сыртында “Мақсат” балалар ойын алаңы салынып, дәл жанынан ұзындығы 30 метр, ені 15 метр болатын “Шағын футбол” алаңы да бой көтерді. Бұл жұмыстарды сапалы етіп жасаған – аудан орталығындағы “Таңшолпан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал көшеге ұзын-сонар ағаш шарбақтар орнатып, ақтау, сырлау жұмыстарын жүргізген – жеке кәсіпкер Ернұр Ахметов.
Жақан Қосабайұлының көшесін көркейту мақсатында аудан әкімдігі, аудандық мәслихат ұжымы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы мен жұмыспен қамту орталығы, “Малдәрігер – 2011” және ветеринария бөлімі, аудан ардагерлері мен Жақан ағамыздың замандастары 70 түп көшет отырғызып, жас ұрпаққа өнеге-үлгі көрсетті.
“Ж.Қосабаевтың көшесіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаралған қаржы көлемі – 17 млн теңге. Оның 5 млн теңгесі “Шағын футбол” алаңының жұмыстарына жұмсалса, “Мақсат” балалар ойын алаңының құрылыс жұмысына қаралған 5 млн теңге толығымен игерілді. Сонымен қатар 18 және 12 пәтерлі екі қабатты үйлердің алдына шағын балалар ойын алаңқайы салынды. Ал 1 млн. 100 мың теңге ағаш шарбақтарды орнатуға және сырлау жұмыстарына жұмсалды. Қалған 5 млн 900 мың теңге тас жолдарды төсеуге, көшет ағаштарына, көшені жарықтандыру жұмыстарына жұмсадық”, – дейді Торғай ауылының әкімі Ғабит Сүндетбаев.
Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, жылдың аяғына дейін қызметтес болған аға буын өкілдері мен шәкірттерінің мұрындық болуымен арнайы тапсырыс бойынша бюсть жасалып, ескерткіші орнатылады.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы