Жастармен жүздесті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімі Әмірхан Асанов жастармен кездесу өткізді.
«Өткенді бағамдап, келешекке жоспар құру, елдің әлеуметтік – экономикалық дамуындағы жастардың рөлін айқындауды» мақсат еткен шараға қала әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, жас кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері және өңірдің түрлі салада еңбек ететін елуге жуық белсенді жастары қатысты.
Шара барысында Арқалық қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры Амангелді Ахметжанов қала аймағы бойынша жастардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар жайын баяндап, қала әкімінің орынбасары Дархан Хамзин жастарға жеңілдетілген несие және қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берді.
Тәуелсіздік жылдарынан бастап, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалуда. «Болашақ», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламаларының жүзеге асуы соның айғағы.
Бүгінде Арқалық қаласы бойынша 14-29 жас аралығында 12240 жас (қала халқының 29,9%-і) болса, оның 8411-і қалада, 3829-ы ауылдық жерде тұрады. Жалпы есеп бойынша студенттер 4105 жасты құрайды.
Қалада 11 жастар ұйымы жұмыс істейді. Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, 2020 жылы 9 млн 980 мың теңгені құраса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуына 7 млн 636 мың теңгені құрады. 2021 жылы Жастар ресурстық орталығын қаржыландыру 11 млн теңге, ал әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландыру 23 млн 465 мың теңге.
Қала әкімі жастарға қолдау-көмектің әрқашан үзілмейтінін жеткізді. Бүгінде қала бойынша 245 жастар кәсіпкерлігінің субьектісі тіркелген. Олар қоғамдық тамақтану, жүк тасымалы, мал шаруашылығы т.б салаларда жұмыс істеуде.
Өткен жылы қалада жастардың қатысуымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 адам ғана әрқайсы 5 млн теңгеден қайтарымсыз грант алып, сүт өңдеу цехы мен оңалту орталығын ашқан. Мыңдаған жастары бар қала үшін бұл көрсеткіш тым аз. Сол себепті, «кәсіп ашамын» – деген жастардың алдында ешқандай кедергінің болмауы қажет.
Осы ретте қаладағы «Жастар саябағы», «Махаббат саябағы» сынды қоғамдық орындардан кәсіпкерлік саласы үшін арнайы орындар берілетіні алға тартылды.
Өз кезегінде жастар да қалаға ортақ және жеке мәселелерін айтуда тартынып қалмады. Жас кәсіпкерлер Н.Байтұрсынов, Д.Есжанова, дәрігер Н.Изетов, бапкер Д.Қарпықов, жастар көшбасшылары Б.Бек, А.Қозбақовалар жастарды жалдамалы баспанамен қамту, кәсіпкер жастарға, талантты спортшыларға қолдау көрсету, сол сияқты Ш.Жәнібек көшесінің жолын жөндеу, жастар бас қосатын мәдени орынның жоқтығы, медицина саласында «кардиолог», «онколог» мамандарының тапшылығы сынды өзекті мәселелер айтылды.
Әмірхан Біркенұлы әрбір сұраққа жеке-жеке тоқталып, жастармен еркін сұхбат құрды. Жастар көтерген мәселелердің оң шешімі табылуы жолында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, қала әкімінің жастармен кездесуінде «Стан» холдингінің басшысы Мұхтар Хамитұлына сөз беріліп, белгілі кәсіпкер табысқа жетудегі мол тәжірибесімен бөлісті.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы.