Маусым айынан бері жалақы төленбеген
Лисаков қаласындағы «Уралдомнаремонт-Л» ЖШС-нің жұмысшылары ала жаздай айлық алмаған. Олар бұған дейін қалалық прокуратураға шағымданған. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалыпты.
Тәулігіне 12 сағат бойы бел жазбай тер төгіп келген еңбекшілер жалақы төленбейтініне көздері жеткен күні жұмысқа шықпай қойыпты.
Арызданушылар жұмысқа қабылданар кезде басшылықтың «май шелпекке» уәде бергенін айтады. Ең төменгі айлық – 60 мың, егер бригадамен бірнеше күндік іссапармен өзге елді мекендерге шықса, жалақы еселенеді делініпті. Бәрі сөз жүзінде қалған. Ақшаның мөрін ұмытқан шағымданушылардың амалы құрып отыр. «Егер коммуналдық қарыздар уақытылы төленбесе, бірден үстімізден арыз жазып, сот арқылы тиісті алашақты мұрнымыздан сығып алады. Ал мына кәсіпорынның бізге төлеуі тиіс қыруар қаржысын ешкімнің жұлып алып бере алмайтыны қынжылтады» дейді жапа шегушілер.
«Уралдомнаремонт-Л» ЖШС 15 жұмысшыға берешек. Тіпті, жұмысшылар мәселені бейбіт жолмен шешуге де тырысыпты. Алайда кәсіпорын директоры Сергей Жеряков «әне берем-міне береммен» аузын қу шөппен сүрткен. Кейін бетпе-бет жүздесуден қашып-пысатынды шығарған.
Мұнан соң бұлар ұжымдық хат жазып, әуелі «Нұр Отан» партиясының филиалына, кейін прокуратураға жолдаған. Ал, серіктестік басшысы бұл келеңсіздіктің тапсырыс беруші «ССКӨБ» АҚ уақытылы қаражат аудармағанын айтып ақталып, таяу арада борышынан құтылатынын айтады. Прокуратура кәсіпорынға тексеріс ұйымдастырып, бұдан өзге де бірқатар ережебұзушылықты әшкерелеп, 250 АЕК көлемінде айыппұл салыпты. Бірақ бұл шағымшылар жағдайын жақсартқан жоқ: алашақтары әлі «мұрты бұзылмаған» қалпында тұр.
Ж.Жүсіпбек