Адамзат мәдениетінің бастаушысы
Рудный қаласының №19 орта мектебінде «Дін – адамзат мәдениетінің бастаушысы» тақырыбында кездесу өтті. Оған қалалық «Нұр» мешітінің имамы Сейт қажы Темірбекұлы, қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары, ұстаздар қауымы мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Жиында алғаш боп сөз алған мектеп директоры Серік Қайырханұлы еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің басты тетігі дінаралық қарым-қатынастардың дұрыс жолға қойылуы екендігін атап өтті. Сондықтан да аталмыш кездесудің басты мақсаты – оқушыларға дін туралы жалпы мәлімет бере отырып, оның адамзат мәдениетінің дамуындағы үлесін, діннің түрлерін, ерекшеліктері мен маңыздылықтарын түсіндіру. Кездесу барысында білім ордасының дінтану пәнінің оқытушысы Ғали Саналиев «Дін – төзімділік пен имандылық негізі» тақырыбындағы баяндамасын оқып, көрермендер назарына әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 5 съезі туралы қысқаша бейнефильмді ұсынды. Одан кейін мінберге шыққан мешіттің бас имамы Сейітқажы Темірбекұлы мұсылман дінінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Соңғы уақыттары жастардың санасын улап, теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетуіне ғаламтор желісі де кері әсерін тигізіп жатыр. Имам осы мәселе төңірегінде де өз ойын ортаға салды.
Жастардың діни сауаттылығын арттырып, ненің ақ, ненің қара екенін ажыратуда осындай кездесулердің мәні мен маңызы айтпаса да түсінікті. Кездесу соңында сұрақ-жауап бөліміне ұласты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ