Ұйқасқа түскен ойлар
Қойшығара Салғарин – "елінің еңбек торысы": жорналшы, жазушы, түркітанушы ғалым, һәм жерлесіміз. Бүгінде жетпіс бестің белесінен асқан Қойшы – ағамыздың сонау бұла шағындағы біссіміллә тұңғышы "Ілгішек" жинағы – сатиралық өлеңдер болыпты. Ел тарихының бұлым-бұлымынан, қыртыс-қатпарынан сыр суыртпақтаған кемел ойлы көкеміз, кейде, осынау бес күн жалған пәниден түйген-тұщынғанын төрттағанмен өріп тастай береді екен. Өз қолымен бір дәптерін ұсынып: "оқып, байқап көрерсің" деген. Соның әуелгі бір парасын, алдымен, оқырман, сіздерге ұсынсақ деп ұйғардық.
Бас редактор.
Жығылмай биліктінің ығына кіл,
Азаматтық парыз бар ұғына біл.
Жөнсіздікті құптамай, сес көрсетіп,
Ең болмаса, көзіңнің сұғына іл.
Жаңылса да жалпақтаумен Тобадан,
Табылатын ағымдағы жобадан,
Бұл заманның қадірлісі болып тұр,
Өз түйсігі, өз пікірі жоқ адам.
Кетті бәрі қайырылмастан келмеске,
Бәрі естелік – оралса егер енді еске.
Жетпейді екен сыйластыққа ештеме,
Аз тірлікте араздасып, "сен" деспе.
Миллиондарды мыйпалаудай асаған,
Тойымы жоқ, тоқтамы жоқ нас адам.
Ар туралы сөз сөйлейді именбей,
Арсыздықтың шегі жоқ па, Жасаған?
Артықтығы адамның ақылында,
Ақыл болса, патшадай пақырың да.
Ат пен есек жем жесе бір астаудан,
Мінездес боп шығады ақырында.
Берекеңді берекетсіз бұзар дау,
Ауыртпалық бастан кетіп ұзар-ау.
Әдет болып кете ме деп қорқамын,
Жалған сөйлеп, жалғандықтан қызармау.
Бірлік басы – береке, төзім дей ме,
Төзім болса, Ар қалғып көз ілмей ме?
Аз ғұмырда арзандап, көзің сатып,
Құлдық ұрып жағынба өзіңдейге.
Ешкім дана болмаған ортасында,
Болмағаннан немене қорқасың ба?!
Халық бірақ танымай қалған емес,
Бетке шығар бар болса сорпасында.
Жаманбысың, жақсы боп туа алмайсың,
Елдің аузы дорба емес, буа алмайсың.
Елге тиер пайдаң жоқ – жамандығың,
Қайыры жоқ шөл дала – қуаңдайсың.
Білмей тұрып танымын, түсінігін,
Кісінің біле алмайсың кісілігін.
Бір көрмеге тәп-тәуір жылтырлар көп,
Сөзі мен қиыспайтын ісі бүгін.
Біріге алмай ісіміз бен сөзіміз,
Кімге ұқсап кеттік, айтшы, осы біз?
Мәңгүрт дейміз, жазғырамыз жастарды,
Ал соларды мәңгүрт еткен өзіміз.
Жасандылық жалғандықпен жалғасып,
Өтірігің өрлеп-ақ тұр алға асып.
Өтірікті өбектеген қоғамның,
Адамдары күн кешуде арбасып.
Досқа – адал, қасқа – алдырмас тас қамал,
Дардан емес, Ардан ғана жасқанар.
Табиғатпен "Сіз" деп қана сөйлесер,
Қазақ жанын ұға алар ма басқалар.
Қарамай бересіге, аласыға,
Көз жеткіз шын асылдың бағасына.
Жақыным деп, жаманды жақтаймын деп,
Жақсының жармаспайық жағасына.
Екі жақсы қосылса, төрі – жұмақ.
Байлық та, бақытың да табар тұрақ.
Тағдырдың жазуына шара бар ма,
Ондайлар қосылмайды-ау, әттең, бірақ.
Көрмесем де еш зорлық қастан, өштен,
Қиындықтар аз емес бастан кешкен.
Кей қылығын көргенде қазағымның,
Жандүнием болады астан-кестен.
Бұл күнде жүрегімде мұңым басым,
Өткелең өмір сырын ұғынғасын.
Сен мені кінәлайсың, түсінбейсін,
Өйткені жалғандықтың ығындасың.
Шықпаса ешбір жерде жаман атың,
Құптаса әр ісіңді жамағатың,
Еш пенде мұқата алмас, бақыттысың,
Қорғайшың иманың мен қанағатың.
Ақыл – байлық, теңесе алар қай мүлік,
Құлыншақ-ой болып өссе сәйгүлік.
Жүлде сенде, әр жеңісің баянды,
Болғаннан соң біліміңе сай білік.
Амандықтың кепілі –
Басқа қайғы торлатпау.
Адамдықтың тетігі –
Өз басыңды қорлатпау.
Ақыл мен сезім шарпысып,
Жаныңды алса қыспаққа.
Ақылға жеңдір, сезімге
Тізгініңді ұстатпа.
"Шен", "шекпен" деп, еш уайым шекпедім,
Атақ үшін жалғыз дән де екпедім.
Менен асқан бақытты жан болмайды,
"Перзентім" деп мойындаса текті елім.
Еркі ғой, кімдер қалай қиялдайды,
Неге арсыздар арлыны жиі алдайды?
Кісіліктен мақұрым кісісымақ,
Кісімсініп сөйлеп тұр. Ұялмайды.
Тағдыр жазса, басқаға бұра алмайсың,
Өзіңді өзің желпінтіп құр алдайсың.
Әр жастың өзіне тән мінезі бар,
Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың.
Жалғандық, жасандылық егізденіп,
Барады бірте-бірте негізге еніп.
Елді аздырып, тоздырар бұл кеселдің,
Жабылып жолын кесер ем ізделік.
Тектілер тектіліктің құнын бақпай,
Шіренген шенділерге шының жақпай.
Әр жүректе сайтан мен періштенің,
Күресі жүріп жатыр тыным таппай.
"Тірлік үшін еш қажеті жоқ істі,
Бастап адам неге талай соғысты",
Деген оймен тексеріп ем тарихты,
Барлық себеп билікке кеп тоғысты.
Екшей келе елдегі бір жайды ұқтым:
Биліктілер құлы боп жүр байлықтың.
Айтшы, кәне, байи беру жолында,
Ардан таймай, аман қалды қай мықтың?!
Дерт айықпас көргенменен балды ем,
Дәулет бітпес достасқанмен малдымен.
Жетілудің жалғыз жолы – өзіңді,
Өзің таны, өзің түзет алдымен.
Кей кездерде ашу қысып деміккен,
Тоқтам табар айырылып қап еріктен.
Адам болып туа тұрып, ит құсап,
Ырылдасатынымыз неліктен?!
Жағымпаздар жағынып бас ұрады,
Мақтауда сөзден сөзді асырады.
Арсыз күлкі ойнақшып арсыз бетте,
Іштегі арам ойды жасырады.
Қара су қаймақ болмас сапырғанмен,
Есекте айбат болмас ақырғанмен.
Жақсыны жаныңдағы бағалай біл,
Кеткен соң оралмайды шақырғанмен.
Көз арбалып, көңіл алданып,
Арзымас аз дәулетке малданып,
Кісімсініп кеуде кереміз,
Босқа сандалып.
Қайран надандық!.
Сана өзгерісті қалайды,
Қалай өзгертуден хабарсызбыз.
Өрт өзекті жалайды,
Бәлкім, бір амалын табарсыз Сіз?!
Өзді өзіміз жүрміз әлі дауласып,
Десектағы сауаттандық, зор болдық.
Ең болмаса Оразбайша жауласып,
Оразбайша қоштаса алмай қор болдық.
Шуылдаймыз, Жанымыз бар, тіріміз,
Дуылдаймыз, Танымы зор іріміз.
Содан бе екен, әлде басқа себебі,
Естімейміз бірімізді біріміз.