Судан, жылудан қағылды
Лисаков қаласы тұрғындарының дебиторлық қарызы 22 миллион теңгеге жуықтайды екен. Бұл сома жыл басында 39,5 млн теңге болған еді. Соңғы он айда қайтарылған берешек анау айтқандай ауқымды емес.
Қазіргі таңда коммуналшылар борышкер тұрғындармен «күрес» жүргізуді жалғастырып жатыр. Үй-үйді аралап, ескертпе қағаз таратудың беріп жатқан нәтижесі мардымсыз. Сондықтан барынша қатаң шаралар қолға алынуда. Бүгінге дейін коммуналдық қызметтерді істен шығару бойынша ендігі 7 306 рейд жүргізіліпті. Осылайша, лисаковтық 763 тұрғын ыстық судан қағылса, осылардай борышкер 597 абонент электр қуатынсыз қалды. Салқын суға 101 адам зар болып қалса, қыс танау астына тірелген уақытта 31 ошақ жылу жүйесінен ажыратылды. Тағы 10 берешекшінің су мен жылу құбырлары бірден «бітелінді». Міне, борыштан уақытылы құтылмаудың салдары.
Ж.Жүсіпбек