Жедел жәрдем қызметі жаңа техникалармен толықты

Рудный қалалық жедел жәрдем қызметі жаңа техникалармен толықты. Нақтырақ айтсақ, бұл мекемеге Еуразиялық Топ пен Қостанай облысы әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес «ССКӨБ» АҚ екі «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты.
Қалалық жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері Наталья Ботвинованың айтуынша, мекемеге тәулігіне орта есеппен 200-ге жуық шақырту келеді екен. Ал денсаулығы сыр берген халықтың көңілінен шығу оңай іс емес. Науқасқа тиісті ем-шара қолдану былай тұрсын, шақыртылған жерге уақытында жетіп бару қиындық тудыратын. Себебі техника санаулы ғана.

IMG_9169

-Адам шыдағанымен көліктер шыдас бермей, бірінен соң бірі істен шығып жатады. Бұл мәселені көтеріп бармаған жерім қалмады. Үмітім үзілді дегенде «ССКӨБ» АҚ басшылығы көмекке келді. Қаржылық қиындықтарға қарамастан қос бірдей көлікті сыйға тартты. Қуанышымызда шек шоқ. Комбинат басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – дейді ол.
Әлеуметтік саланы басты назарда ұстаған кәсіпорын қажетті қосалқы жабдықтармен жабдықтаған жедел жәрдем көліктерін 5 миллион теңгеге сатып алған. Жалпы меморандум шеңберінде Еуразиялық Топ Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық жобаларын жүзеге асыруға 800 миллион теңге жұмсап отырғандығын айта кеткен жөн.

IMG_9168

Денсаулық – зор байлық. Сондықтан 130 мың тұрғынның денсаулық сақшысы болған мекеме қызметкерлері жауапкершілікті жақсы сезінеді. Медициналық қызмет сапасы мен оперативтілікті арттыруға оң септігін тигізетін көліктер еш бұзылмасын деген тілек айтамыз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓