«Нұр Отан» филиалдардағы қызметкерлер санын 43%-ға арттырды

Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бүгін, 5-ші қазанда партия филиалдарымен бейнебайланыс форматында өткен кеңесте мәлімдеді.
Осыдан бір ай бұрын А.Мырзахметов өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында партия қызметінде жергілікті филиалдарға басымдық берілетінін айтқан болатын. Соның негізінде партияның Орталық аппаратындағы құрылымдар саны, әкімшілік шығындар оңтайландырылып, филиалдарға қосымша 358 штаттық бірлік беріліп отыр.

A26J9470 RE

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың фракциялары жанындағы комиссиялар арасында «Нұрлы Жол» бағдарламасын бақылау бойынша өзара іс-қимыл күшейтілді. Яғни, бақылау жүргізудің жаңа критерийлері жасалынып, өңірлерден алынатын мәліметтерді біріздендіру жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар, «Аудан-облыс-орталық» қағидасы бойынша ай сайынғы мониторинг және ақпаратты жинаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұл жұмысқа бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері, 242 филиалдың барлығы және мәслихат депутаттары тартылған. «Нұр Отан» партиясының жетекшілігімен партиялық бақылаудан басқа, ҮЕҰ мен жергілікті жұртшылықтың қатысуымен де қоғамдық мониторинг қамтамасыз етілмек.
Үкімет Басшылығының және Мәжілістегі фракцияның қатысуымен, сондай-ақ, жергілікті жерлерде – өңірлік билікпен проблемалық мәселелерді тұрақты қарау бойынша уағдаластық жасалған. Осыған ұқсас бюджет қаражатының жұмсалуына, оларға Сайлауалды тұғырнамасының орындалуына тәуелді салалық және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына партиялық бақылау ретке келтірілетін болады.
Бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту бағытында олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасын нығайту жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың соңында бастауыш партия ұйымдарының 1-ші республикалық форумын өткізу жоспарланған.
Уәждемелеуді арттыру мақсатында Мәжілістегі, мәслихаттардағы сайланатын лауазымдарға және партияның билік құрылымдарына ілгерілету үшін БПҰ белсенді мүшелерінің «кадрлық резерві» ережесі жасалынды.
Әлеуметтік топтар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, еңбек ұжымдарындағы ахуалды қадағалау және олардың проблемаларын шешу мақсатында, партия мүшелерінің сапалы құрамын ірі кәсіпорындарындағы, ШОБ және АӨК саласындағы белсенді қолдаушылар есебінен кеңейтілмек.
Бұл ретте, жаңа партия мүшелерінен келіп түсетін жарналар бастауыш партия ұйымдар мен филиалдарда олардың жұмысын ынталандыру және ағымдағы міндеттерді шешу үшін қалатын болады.
Филиалдардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай нысаналы индикаторлар әзірленді. 2016 жылдан бастап облыстық филиалдардың төрағалары – әкімдермен бірлескен жұмыс жоспарлар негізінде осы индикаторларға қол жеткізу бойынша нақты іс-шаралар бекітілмек.
Жалпы алғанда, алдағы ай ішінде партияның 27 регламенттеу құжаты қабылданады деп жоспарланған. Соның ішінде, мәслихаттардың депутаттығына партиядан үміткерлерді іріктеу критерийлерін қабылдау, қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жасау, кадрлық резерв және құжат айналымын қысқарту жөніндегі құжаттар әзірленбек.
Орталық аппараттың инспекторлары ай сайын өңірлерге шығып, талдау жүргізеді. Оның қорытындысы жөнінде есеп беріліп, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы мен өңірлердің өзекті мәселелері жіті назарда болмақ.
Жиын барысында партия төрағасы бірінші орынбасарының Кеңесшісі Б.Құрманғали сөз алып, партияның жаңа медиа саясаты әзірленіп жатқандығын мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, БАҚ-та жаңа айдарлар мен бағдарламалар ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, партия мен БАҚ арасында пікір алмасу алаңы құрылмақ. Рухани құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобалар әзірленбек.
«Партия жұмысын одан әрі жетілдіру бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде атқарылатын болады. Бүгінгі күннің өзінде өңірлердегі жағдайдың жақсаруына байланысты оларға деген бақылау күшейтіледі», – деп жиынды қорытындылады А.Мырзахметов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓