Алдыңғы шепте

Өткен жылы індет белгілері пайда болып, елімізде пандемия жарияланғалы желдің өтінде медицина қызметкерлері тұрды, олар тұтастай күшейтілген тәртіпке көшірілді. Ковид жұқтырған науқастарды емдеу үшін емханалардағы дәрігерлердің көпшілігі ауруханаларға барып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Міне, осындай ауыр күндерді бастан өткерген ақ халатты абзал жандардың бірі – Қостанай қалалық №3 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігер бөлімінің меңгерушісі Айкүміс Байболова.
– Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері алдыңғы сапта дәрігерлер тұр қазір. Емханадан ауруханаға ауыстырылып, ол жақтарда айлап жұмыс істеген күндеріміз болды. Ал, біздің емханамыздың өзі таза және лас (қызыл) аймақ болып екіге бөлінді. Пандемия көрсеткіштері төмендеген кезде емханамызға қайта оралдық. Барлығымызға оңай болған жоқ. Мамандығымыз дәрігер болғандықтан, қолымыздан келгенше барымызды салдық. Бұдан кейін мамандығымызға деген жауапкершілігіміз де арта түсті. Себебі, бұл әлі толық күйінде зерттелмеген өте қауіпті вирус. Сол себепті, жұмыс жүктемеміз күшеймесе, төмендемесі анық. Жоспарымыз көп әлі. Бір жағы қосымша кардиологпын. Оның сыртында былтыр емханамызға он жас маман келді. Оларға бар білім-тәжірибемізді көрсетіп, білмегенін түсіндіріп отырамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Айкүміс Еркебайқызы – Қызылорда өңірінің тумасы. Отбасында дәрігер болмапты. Сондықтан балаларының арасынан ақ халатты жан шықса деген анасының бір арманы бар екен. Әсіресе, үш ұлдың ортасында өскен Айкүміске осы мамандықты таңдауына анасы көп септігін тигізіпті. Мектептен соң медициналық колледжде оқып, оны қызыл дипломмен тәмамдап шыққан ол жоғарылатып медициналық академия түлегі атанды.
– Алдымен Алла, одан кейін анамның арқасы осы күнім. Осы аймаққа келін болып түстім. Бұл елдің адамдары өте қарапайым, бауырмал. Өзім қазақы ортада өскен соң осы жерге келген күннен бастап құжаттарды ана тілімізде толтыруға барымды саламын. Өз тілімді жоғары қоямын. Қазір тіліміздің деңгейі де, сұранысы да артып келеді, – дейді Айкүміс Байболова.
Білікті дәрігер медицина саласында 13 жылдан астам еңбек етіп келеді. Соның алғашқы он жылында Ұзынкөл ауданында қызмет көрсетті. Ауданда болған кезден емделіп шыққан науқастар әлі күнге дейін Айкүміске алғысын айтып хабарласып тұрады. Біз де кейіпкерімізге және барша медицина саласының қызметкерлеріне тек табыстар тілейміз!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓