Ардагерлерге құрмет көрсетілді

«ССКӨБ» АҚ әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы «ССКӨБ» АҚ бұрынғы жұмысшыларын еш ұмытқан емес. Қарттар күніне орай бірлестіктің өркендеуі үшін тер төккен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, айтулы мерекемен құттықталды.
Ең бірінші болып кәсіпорын қонақтарын Амировтар отбасы күтіп алды. Отағасы Рақымжан еңбекке ерт араласқан. Соғыс басталған жылдары тылда еңбек етіп, отбасының көмекшісі, һәм қамқоршысы бола білді. Соңғы жылдары комбинатта экскаватор машинисі болып аянбай тер төкті. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек озатына білдірген кәсіпорынның әлеуметтік сұрақтар мен корпоративтік мәдениет басқармасының басшысы Александр Макаренко:
– Сіз саналы ғұмырыңызды отбасы мен жұмысқа арнадыңыз. Көпке үлгі бола білдіңіз. Сондықтан да кейінгі ұрпақ сіздің еңбегіңізді ешқашан ұмытпайды. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Ең бастысы жаныңыз бен жүрегіңіз жас болсын! – деп жылы лебізін білдірді.

1

Жалпы бірлестік басшылығы мереке қарсаңында 1000-нан астам еңбек ардагерінің үйіне азық-түлік корзиналарын таратпақ. Бұнымен қоса коммуналды төлемақы үшін олардың есепшотына 1000 теңге көлемінде қаражат та аударылды. Еңбегі ескеріліп, сондай құрметке ие болғандардың қатарында Иван Панченко да бар. Ол Сарыбай кен басқармасын ұзақ жылдар басқарған тәжірибелі маман. Зейнетке шыққаны болмаса, өмірлік жары Галина екеуі комбинаттың бүгінгі тыныс-тіршілігінен қол үзген емес. Екеуі де кен алыбындағы жағымды жаңалықтарға қуанып, қажет болған жағдайда жолын қуған жас мамандарға кеңес беруден еш жалыққан емес.

2

Кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқандардың қатарында Лидия Ракшевская да бар. Ол тау-кен темір жолы басқармасына статист болып келіп, кадрлар бөлімінің басшысы лауазымына дейінгі жолды жүріп өтті. Бұрынғы әріптестері, қазіргі құрбыларымен мерекелерді бірге қарсы алып жүрген ол жасалынып жатқан қамқорлық үшін бірлестік басшылығына алғысын жаудырып отыр.
– Барлық-барлық жұмыскерлерді, еңбек ардагерлерін қарттар күнімен құттықтаймын. Бүгінде комбинат басшылығы тарапынан игі істер атқарылып жатқандығына қуанамыз. Экономикалық жағдайға қарамастан бізді елеп, құрмет көрсетіп жатқандарына дән ризамын, – дейді Лидия.

3

Үй-үйге барудан бөлек қазан айының ортасына дейін 3000-ға жуық еңбек ардагеріне «Горняк» мәдениет сарайында ас берілмек. Ол үшін 33 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Халқымызда «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі екендігіне сөз жоқ. Ендеше ел мерейін өсірген қарияларымызды әрқашанда аялап, оларды мейірім шуағына бөлеу – бүгінгі ұрпақтың міндетті парызы екенін ұмытпайық.

ҚуанышЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓